Өнеркәсіп

“Изолит” серіктестігінде биыл өнім көлемі 20 пайызға өсті

 

“Изолит” серіктестігі электр оқшаулауға арналған лакомата шығаратын еліміздегі жалғыз кәсіпорын. Өндіріс ошақтарының көбі тоқырау жылдарында тұралап қалса, бұлар жұмыстарын тоқтатпапты. Керісінше жыл өткен сайын материалдық -техникалық базасын нығайтып, өнім көлемін арттырып келеді.

Виктор Приколотто, Изолит” ЖШС атқарушы директоры:

 -Өнімдеріміздің 75 пайыздан астамы экспортталады. Сұраныс бар. Өткен жылы 400 миллион теңгенің өнімін шығарсақ, биылғы көрсеткіш жарты миллиард теңгеден асып жығылады.

Кәсіпорында бүгінде үш цех жұмыс істеп тұр. Еңбеккерлер саны – 198. Жыл санап өнім көлемі артқан сайын, бізге жүктелер міндетте өсіп отыр дейді олар. № 3 цех тәулік бойына тоқтамайды. Жұмысшылар үш ауысымда еңбек етеді.

Ботакөз Садуева, лак сіңіруші:

-Кәсіпорында 1979 жылдан жұмыс істеп келемін. Еңбегіміздің өзіндік қиындықтары бар, бірақ үйреніп кеттік. Ең бастысы уақтылы жалақымызды аламыз.

Үндістан, Қытай, Болгария, Ресей мен Украинадан жеткізілген шикізат осында өңделіп, дайын өнім болып шығады. Оның тек 15 пайызы елімізде қалса, қалғаны сыртқа жөнелтіледі. Негізгі әріптестері Ресей, Украина, Белоруссия. Бұл ретте Кеден одағы біздің оң жамбасымызға келді дейді кәсіпорын басшылығы.

Виктор Приколотто, “Изолит” ЖШС атқарушы директоры:

-Кедендік одақтың пайдалы тұстары көп. Ол сырттан келетін шикізаттың тез арада бізге жеткізілуі. Дайын өнімді экспорттағанда да уақыттың үнемділігі. Бұрынғыдай қағазбастылықтардан арылдық. Тауар айналымы неғұрлым тез болса, қаржы айналымы да соғұрлым өсе түседі.

Ісін өрге домалатамын дегендерге мемлекеттен қолдау бар. Изолиттіктер оны айқын сезініп отыр. Олардың банктерден 12 пайызбен алған несиелерінің 9 пайызын субсидиялауды үкімет өз мойнына алған. Бұл айтарлықтай көмек.

Самат Есмағи