Қоғам

Мүгедектерге мемлекеттік көмек


 

Мына куәлік Василий Бондаренко үшін өте қымбат. Сондықтан ол бұл құжатты бірнеше орамаға салып, ұқыпты ұстайды. Ұлы Отан соғысына теңестірілген азаматтың куәлігі қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігін береді. Ал мұндай жеңілдік 80 жастағы қария үшін артық етпейді. Есту және көру қабілеті нашарлаған жанға биыл әлеуметттік көмек ретінде есту аппараты, тифломагнитола, ұялы телефон – барлығы он құрылғы беріліпті. Жалпы мемлекеттік қолдауға көңілім толады дейді қария.

Василий Бондаренко, ардагер:
– Есту және көру бойынша 1- топтағы мүгедекпін. Мемлекет әрдайым қолдау жасайды. Қажетті құрылғылармен қамтуда. Бұған өте қуаныштымын.

Жалпы биыл облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті көмекпен қамту үшін 153,7 млн теңге қаражат бөлініпті. Мұның арқасында 582 жарымжан шипажайға емделуге жолдама алып, 789 адам протездік ортопедиялық көмекпен қамтылған.

Алма Махметова, СҚО халықты әлеуметтік қорғау және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы:
– 250 мүгедектік кресло-арба, 1095 сурдотифлотехникалық құралды, соның ішінде 220 цифрлық есту аппаратты сатып алуға  мүмкіндік берілді. Жүріп-тұруда қиындық көретін 1-топтағы 241 мүгедекке жеке көмекшінің қызметі көрсетілді.

Сондай-ақ есту бойынша 152 адамға жыл бойы сурдоаударушының қызметі көрсетіліпті. «Мүгедектерді оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс келер жылы да жалғасын таппақ», – дейді мамандар.

Инеш Шоқақова