Қоғам

Мүтәллап Қанғожиннің мерейтойы

 

Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ақын, журналист Мүттәлап Қанғожиннің өңіріміздің әдебиеті мен мәдениетін дамытуға сіңірген еңбегі ерен. 1937 жылы 17 желтоқсанда Есіл ауданының Қарағаш ауылында дүниеге келген ақын ағамыз бүгінде 75 жасты еңсеріпті. Мүттәлап ағаның сырға толы өлең шумақтары көпшілікке жақсы таныс. Ол кісіні жұрт ақын ретінде ғана емес, сонымен қатар телевизияда жемісті еңбек еткен журналистердің бірі ретінде біледі. Бұл салада Мүтәллап Қанғожин 30 жыл бойы қызмет етіпті.

Мүтәллап аға жазған жыр шумақтарының бір парасын оқыған қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев кезінде бұл кісінің шығармаларында азаматтық үн басым деп баға беріпті. Мүтәллап Қанғожинмен замандас азаматтар да мерейтой иесінің қуанышына ортақтасып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Сонымен қатар, мерейтой иесінің құрметіне оның шығармашылығынан сыр шертетін “Жыр жұлдызын жайнатқан ақын” атты кітаптар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Әспет Әбдірешова