Құқық қорғау органдары

Әділет органдарының құрылғанына – 20 жыл

 

 

 

Бүгін – әділет органдарының кәсіби мерекесі. Осыған орай   салтанатты шараға жиналғандарды облыс әкімінің атынан  оның орынбасары Александр Чжен құттықтап, департамент қызметкерлеріне өңір басшысының Құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын табыс етті. 20 жылда мерейтой иелерінің жеткен жетістіктері бірталай. Бұл орган кеңес дәуірінде Әділет халық комиссариаты болды.Тек тәуелсіздігімізді алғаннан кейін ғана ҚР Әділет министрлігі болып өзгертілді. Бүгінде өңірімізде осы салада 300-ге тарта адам еңбек етуде. Облыстық әділет департаментінің басшысы Ернар Сейдімбеков өз сөзінде елмен бірге әділет органы да қатар дамып келе жатқандығын тілге тиек етті. Аталған салада қызмет етіп жүрген бірқатар жандардың еңбегі ескерусіз қалмады. Оларға “Әділет органдарына қосқан үлесі үшін” медалі , “Әділет органдарының үздігі” төсбелгісі, ҚР Әділет министрлігі мен облыстық департамент атынан мақтау қағаздары табысталды. Солардың ішінде  аталған салаға өмірінің 25 жылын арнаған жергілікті департамент бастығының орынбасары Гүлнәр Қожахметова да бар. Ол бүгін “Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері” төсбелгісін алды.

Гүлнәр Қожахметова, СҚО әділет департаменті бастығының орынбасары:
-Мен еңбек жолымды 1987 жылы Сергеевкада Азаматтық хал  актілерін тіркеу инспекторы қызметінен бастадым. Бүгін 25 жыл ішінде атқарған еңбегім ескеріліп, марапатқа ие болып жатырмын. Қуанышым шексіз.

Есіл аудандық әділет басқармасының бастығы Юрий Николаев та сыйсыз қалған жоқ. Ол “Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталды. Юрий Николаев еңбек жолын прокурор көмекшісінен бастапты. Кәсіби мереке күнінде осындай марапатқа ие болғанына қуанышты екенін жасырмады.

Юрий Николаев, Есіл аудандық әділет басқармасының бастығы:
– Біз ағымдағы жылы заңсыз үнтаспалар жазып, сатумен айналысқан 6 адамды ұстадық. Оларды заң бойынша әкімшілік жауапқа тарттық. Бүгінгі марапат жұмысыма серпін берері сөзсіз. Бұл – атқарған еңбегіміздің жемісі деп ойлаймын.

Салтанатты жиын концертке ұласты.

Гүлбану Ахметова