Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау саласының үздігі


 

Светланаға 3 апта бұрын ғана ота жасалыпты. Қазір ол Жігер Дүйсеновтың қадағалауында. Светлана облыстық онкологиялық ауруханаға оң жақ өкпесінде перифериялық өзгерістер бар деген диагнозбен түскен екен. Содан операция сәтті жасалып, қазір дертінен айығып келе жатыр.

Светлана Красносельских, емделуші:

Дәрігер – өте тамаша адам. Қолы да жеңіл екен. Менің хал-жағдайымды жиі сұрап тұрады. Осы кісінің арқасында демікпем жазылып келеді. Ендігі арманымайыққан соң велосипед тебу.

Денсаулық сақтау саласында Жігер Дүйсенов 16 жыл еңбек етуде. Облыстық онкологиялық ауруханада 2005 жылы торакалдық бөлімше ашылғанда меңгерушісі болып тағайындалады. ҚР Тәуелсіздігі күні қарсаңында Жігер Ерғалиұлы денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін төсбелгімен марапатталды.

Жігер Дүйсенов, облыстық онкологиялық диспансердің торакалдық бөлімше меңгерушісі:

-Алғашында бізге жоғары сапалы құрылғылар жетіспейтін. Қазір мұндай проблема жоқ. Бөлімшеде кеудеге қатысты барлық патология түрі емделеді. Мемлекет тарапынан денсаулық саласына көрсетілетін қаржылай қолдаудың арқасында көп дүние өзгерді, мүмкіндіктеріміз кеңейді.

Жыл басынан бері бөлімшеде 180 адамға сапалы медициналық көмек көрсетіліпті. Бұл – ақ халаттылардың біліктілігі мен заманауи құрылғылар мүмкіндіктерінің арқасында деп отыр дәрігерлер. Сол себепті, Жігер Дүйсеновті әріптестері тәжірибелі маман ретінде құрметтеп, үнемі ақыл-кеңесін тыңдап жүреді екен. Келер жылы бөлімше қазіргі заманғы жаңа медициналық аппараттармен толығады. Бұл – тағы да сапалы емдеуге серпін болмақ.

Данаш Хамзина