Энергетика

Аязда жарылған құбыр тез жөнделді

 

 

Өңірде қыс қаһарына мінейін деді. Қар түсісімен бірталай аязды күндер болды. Бірақ, соңғы суықтар сүйектен өткені сөзсіз. Мұндай аязға, тіпті, темір де төтеп бере алмады. Әсіресе, жылу тарататын құбырлар зақымданды.

Қайролла Ғалеев, қала әкімінің орынбасары:

-Аязды күндерде С.Мұқанов көшесіндегі диаметрі 400 мм-лік тораптық желідегі құбыр тесіліп қалды. Қазір мамандар олқылықты қалпына келтіру үшін жұмыс істеп жатыр.

Бұл жылу магистралына жеке сектордағы үйлер, 4 көпқабатты баспана және онкологиялық диспансердің 1-ші корпусы қосылған екен. Әрі тозығы жеткен құбырлар тағы да басқа жерінен сыр беруі мүмкін. Алдымызда әлі 3 ай қыс тұр. Сол себепті, мамандар шұғыл 1 метр құбырды ауыстыруға шешім қабылдады.

Андрей Калиничев, “Петропавл Жылу Желілері” ЖШС директоры:

Жұмысқа 32 қызметкер мен 11 техника жұмылдырылды. 2 бригада зақымды қылпына келтіреді, ал 3 бригада тұтынушыларды басқа бір жылу көзіне қосу жағын реттеумен айналысады. Барлық жұмыстарды бүгін аяқтауға тырысамыз. Бұл – жылумен сапалы қамтамасыз ету үшін жасалып отырған амал. Сондықтан, жұмыстарды қазір жүргізген дұрыс.

№ 28 торапты жөндеу барысында тұрғындар жылудан ажыратылған жоқ. Қазір, жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Жылу қалыпты күйде берілуде.

Данаш Хамзина