Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс активі Елбасы Жолдауы жүктеген міндеттерді талқылады

 

Жиынға аудандар, селолық округтер және қала әкімі, атқарушы билік, мәслихаттар хатшылары мен депуттаттар, кәсіпорындар басшылары мен бизнес өкілдері, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар мен белсенді жастар қатысты. Мақсат Елбасының Қазақстан халқына арналған жолдауын ел болып талқылау. Басты құжатты жүзеге асыруда бір жеңнен бас, бір жағадан қол шығару.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Биылғы жолдау ел экономикасын нығайтумен қатар, халықтың әл-ауқатын жасқарту бойынша жаңа міндеттер жүктеп отыр. Бағдарламада сондай-ақ елімізді одан әрі дамыту, әр отбасының жағдайын жақсарту , халықтың тыныштығын қорғау нақты көрсетілген. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек.

Жеті басым бағыттан тұратын құжат еліміздің одан әрі дамуын қамтамасыз етуге арналған. “Қазақстан 2030” стратегиясында бағындырар асуларымыз бірталай болып көрінетін. Алайда оның басым бөлігін 15 жыл ішінде атқарылды. Бұл көз қорқақ қол батыл дегенді білдіреді. Тек осы аралықтың өзінде біздің өңірімізде де ауыз толтырып айтарлық істер атқарылды деді облыс әкімі өз баяндамасында. Жаңа жолдау бұл істерді одан әрі дамытуға жетелейді.
Жиында сөз алған Қазақстанның Еңбек ері Геннадий Зенченко жаңа жолдауда ауылшаруашылығы саласын дамытуға айрықша көңіл аударылғандығына тоқталып өтті. Жер емген шаруа шет елдік озық технологияларға қызығушылық танытып қана қоймай, оны өзімізде қолданысқа енгізуі қажет,-деді.

Геннадий Зенченко, “Зенченко и К” командиттік серіктестігінің директоры:

-Сабанмен жағылатын технология бар. Бұл біз үшін жаңашылдық болмауы тиіс. Өңіріміз аграрлық аймақ, ал егін қалдығы бізде жетіп артылады. Оны сығымдап, көмірдің орнына неге қолданбасқа. Біріншіден ол бізге арзанға түседі, екіншіден экологиялық таза. Жолдау бізге бағыт-бағдар береді, ал оны жүзеге асыру сізбен-біздің міндетіміз.

Басты құжатта ел экономикасын одан әрі дамытуда алыс-жақын шет елдермен әріптестікті одан әрі нығайтуға баса назар аударылған. Өңіріміз Ресей Федерациясымен шекаралас орналасқандықтан оның бізге қажетті оңтайлы тұстары көп.

Ағзам Тастеміров, Ақжар ауданының әкімі:

-Елбасы 2013 жылы шекаралас аймақтарды дамытудың қосымша жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Бізде ол тиісті деңгейде атқарылып жатыр деп айта аламын. Біздің аудан Омбы облысымен шекаралас орналасқан. Екі ел арасында тауар айналымы мен әріптестік жақсы жолға қойылған.

Елбасының жаңа жолдауында ауылшаруашылығы саласын модернизациялауға да айрықша назар аударылған. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде 2050 жылға қарай аталмыш саладағы жалпы ішкі өнім елімізде бес есеге жоғарылауы тиіс. Бұл ретте еңбек адамдарына жүктелер міндет зор. Оны шаруалар жақсы түсінеді.

Серік Малаев, “Ақселеу” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

-Жер өңдеу мәдениетімен қатар, мал шаруашылығын дамытуды да міндеттеді Елбасы. Осыған орай үкіметтен ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін қаржыландыру 4,5 есеге артпақ 2020 жылға дейін. Ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру бізге міндет.

Басты құжатта денсаулық сақтау, білім мен ғылым, шағын және орта бизнес, әлеуметтік сала мен дінаралық татулық, мәдениет пен өнер де сырт қалмаған. Жолдауда көрсетілген басым бағыттарды жүзеге асыруға еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін атсалысулары қажет дейді аға буын өкілдері.

Таңат Сүгірбаев, “Асыл мұра” орталығының жетекшісі:

-Елбасы өз сөзінде жастарға зор үміт артқан болатын. Ал оларға бағыт-бағдар беруде біз өз көрген-білгенімізді аянып қалмаймыз. Мұның бәрі еліміздің одан әрі гүлденуі үшін атқарылатын жұмыстар.

Президент еліміздің болашағы жастардың қолында деп атап көрсеткен болатын. “Қазақстан -2050” стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты деп аталған жаңа жолдауды іске асыруда жастарға жүктелер міндет зор. Олар Ұлт көшбасшысының бұл міндетін орындауда ерік-жігерлерін аямауға ант етті.

Самат Есмағи