Білім

Мектеп оқушыларының ғылыми жобалары байқауы

 

 

 

Облыста бірінші рет өткізіліп отырған байқауға 8 бен 11 сынып оқушылары қатысуда. Оқушылар әлеуметтік психология және педагогиканың қаншалықты маңызды екенін ғылыми жобаларынан көрсетуде. Мұрат Айтхожин атындағы 1-ші орта мектептің 8 сынып оқушысы Мадина Накиева “Мағжан шығармаларының патриоттық тәрбиелік мәні” тақырыбында өз жұмысын қорғады. Оқушы ғылыми жобаны 1 ай бойы зерттеп жазыпты.

Мадина Накиева, М. Айтхожин атындағы 1-ші орта мектеп оқушысы:
 – Қазіргі жастар өз анасын, жарын сүйе алмайды. Теріс жолдарды таңдайтындар да бар. Оларды айтсақ, ішің ашиды. Мағжан соған үңіледі, ол өлеңде қалай сүю керектігін айтады

“Мен және менің мектебім” секциясында 11 оқушы өзара бақ сынасты. Тек ғылыми жобаларын қорғап қана қоймай, қазылар алқасының сауалдарына жауап та берді. Солардың ішінде №10 орта мектептің оқушысы Анастасия Лапшина “Бастауыш сынып оқушыларының жақсы білім алу үшін өзін-өзі бағалауы” атты ғылыми жобасын дайындап әкеліпті.

Анастасия Лапшина, №10 орта мектеп  оқушысы:
– Мен “Мен және менің мектебім” секциясын таңдап алдым. Себебі бастауыш сыныптардың үлгерімдері өздерін бағалай білуіне де байланысты. Жобамда олар өмірді қалай қабылдайды, болшағынан не күтеді – тақырыпшалары қамтылады. Ең бастысы өзімізді сыйлап, өмірге деген көзқарасымызды дұрыстауымыз қажет. 

Байқауға 45 оқушы қатысып, 4 секцияда өз жобаларын қорғады. Сайыста білімдерін көрсету үшін Қызылжар және Тайынша аудандарынан да  оқушылар келіпті. Ұйымдастырушылар бұл байқауды дәстүрге айналдырамыз дейді.

 Резеда Баймұхамбетова, білім берудегі ақпараттық технологиялар және әдістемелік жұмыс орталығының әдіскері:
-Алдағы жылға 105 оқушы байқауға қатысуға өтініш білдірді. Ғылыми жобада қозғалып жатқан мәселелердің бірі  – баланың отбасындағы қиыншылықтары, баланың мектептегі қиыншылықтары, баланың қоғамдағы қиыншылықтары.

Байқау жеңімпаздары диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Гүлбану Ахметова