Балалар

«Қазақстанда тұратынымызды мақтан тұтамыз!»

 

 

«Қазақстанда тұратынымызды мақтан тұтамыз» фестиваліне облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері қатысты. Шара Тәуелсіздік күніне орайластырылыпты.

Ләззат Аяпбергенова, СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының өкілі:
-Азаматтарға түрлі ұлттардың мәдениетін көрсеткіміз келеді. Елімізде әрбір ұлт өкілінің қоғамдық шараларға қатысуға мүмкіндіктері бар.

Қазақстанның көпұлтты мемлекет екенін бүгінгі жиынға келген түрлі этнос өкілдеріне қарап та көз жеткізуге болады. Өнерпаздар өз мәдениеттерін ән мен би арқылы таныстыруда. Армян халқының «Лезгинка» биі көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл биді көрермен назарына “Кентрон” армян мәдени орталығының өкілдері Артур Мартиросян мен Самвел Багдасарян ұсынды

Самвел Багдасарян, “Кентрон” армян мәдени орталығының өкілі:
– Әр халықтың байлығын көру азаматтар үшін өте қызықты деп ойлаймын. Және болашақта да пайдасы тиетініне сенімдімін.  

Мерекелік шарада өңірдегі барлық этно-мәдени бірлестіктер белсенділік танытуда. Бүгін, тіпті, қонақтар да ұлттық киім киіп келген екен. Салтанат Ахметова 1 жыл бұрын корей тілін меңгере бастапты. Корей және қазақ халқының мәдениеті ұқсас, дейді ол. Екеуінде де адамды сыйлап, бағалай білуге үйретеді.

Салтанат Ахметова, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің шәкірті:
-Корей халқының менталитеті, мәдениеті, биі, әндері ұнайды. Бұл ұлттың жастары үлкендерді құрметтейді. Олардың «хандок» киімі де көңілімнен шығады.

“Яш дуслар” татар мәдени орталығының жастары да фестивальдан шет қалмады. Жиылғандар олардың орындауындағы “Бал жимешем» әнін тыңдады.

Айдана Демесінова