Қоғам

Ғасыр жасаған қария

Евгения Потапова 1912 жылы 19 желтоқсанда Ресейдің Ульянов облысына қарасты Радищево ауылында дүниеге келіпті. Петропавлға 1974 жылы қоныс аударған. 8 жасынан жетім қалып, тағдыр тауқыметін көп тартқанын айтады.

Қолөнерді үйреніп, бұйымдарын сатып күн көрісін айырыпты. Бүтіндей бір ғасыр өмір сүрген Евгения Никитичнаның туған күніне жақындары жиналды.

Мария Гусева, туысы:
Әкемнің жағынан қалған жалғыз тәтеміз. Біз кезінде жақын ауылда тұрдық. Әрдайым көмектесіп, ақылын айтып отыратын. Әділдікке, еңбекқорлыққа үйретті бізді.  

Бүгінде қария екі қызынан 6 немере, 11 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отыр. Үлкен қызы Валентина 75 жасқа келіп өзі де  әже болып отыр.

Валентина Андреева, қызы:
Анам бізге көп жасап жатырмын, менің қатарластарым да жоқ дейді. Аға, әпкелері де қайтыс болғандықтан солай дейтін шығар. Әйтеуір анам ауырмай- сырқамай жүрсе екен деймін.

Мерейтой иесін немересі Вера да құттықтады.

 

Вера Сидорова, немересі:
Алланың барлық пенделері ғасыр жасай бермейді. Жылдар бойы әжем көп қиыншылықты бастан өткерді. Бізді бағып-қағып өсірді.

Соғыс жылдары тылда еңбек етіп, тұрмыстың ауыр тауқыметін тартқан әже кейінгі ұрпақ қиындық көрмесе екен дейді көзіне жас алып.

Евгения Потапова, тыл еңбеккері:
Мен қиыншылықты көп бастан өткердім. Жастай жетім қалдым. Қайырымды жандар көмектесіп тұрды. Жұмысты да тыңғылықты істейтінмін. Бүгін туған күнімде туыстарым келіп бір қуанып қалдым.

Ғасырды еңсерген кейуананың өмір жолы кімге болмасын өнеге.

Гүлбану Ахметова