Ауыл шаруашылығы

Ауыл халқын ауыз сумен қамтамасыз ету

 

 

 

Шал ақын ауданындағы Кривощеково ауылында арнайы су алатын орын күніне 4 сағат жұмыс істейді. Түске дейін 2 сағат және түстен кейін тағы екі сағат. Ауылда 354 үй түтін түтетіп отыр. Мұнда барлығы 70 құдық болса да, тұрғындар суды арнайы орыннан алғанды жөн көреді екен. Өйткені, сапасы жақсы, құны да қымбат емес. Оксана Череванова қызымен бірге тұрады. Суға күніне 3-4 рет келеді екен.

Оксана Череванова, Кривощеково ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

Суы тамаша, бір флягасына 15 теңге береміз. Біз үшін бұл – қолайлы баға.

Судың сапасы үнемі тексеріліп тұрады. Тіршілік көзі тазалаудың 4 кезеңінен өткізіледі екен. Мұндағы барлық жұмысты Юрий Жменяк қадағалайды. Оның айтуынша, село тұрғындары күніне судың 5-6 текшесін тұтынады.

Юрий Жменяк, Кривощеково ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

-Тіршілік көзін үзбей беріп тұрамыз. Мереке күндері мен демалыстарда да жұмыс істейміз. Суды алдын ала жинап қоямыз. Санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандары тексергенде ешқандай мін таппайды.

Садовка ауылы  – Шал ақын ауданындағы ең алшақ жатқан елді мекен. Су тарату орталығында тіршілік көзі әрдайым толып тұрса да, оны тұрғындар жиі пайдаланбайды екен.

Елена Викторенко, Садовка селосы әкімдігінің маманы, Шал ақын ауданы:

Бүгінде азаматтардың біразында өз құдықтары бар. Олар осылайша, үнемдеуге тырысады.

Мұнда суға тек жақын маңда тұратындар келеді. Тағы бір айта кететін жайт, ауыл азаматтарының қатары жыл өткен сайын азаюда. Көбісі оқуға немесе жұмыс істеуге кетіп қалады. Мұнда қазір 202 адам ғана тұрады. Дегенмен, ауыл ағайыны тату. Мәселен, биыл жалғыз мектепті жабамыз дегенде, азаматтары ауызбіршілік танытып, бұған жол бермеген. Қазір мектепте 25 бала білім алады. “Қуанамын” атты шағын орталығы да бар. Онда 5 бүлдіршін тәрбиеленуде.
Жергілікті сумен қамту жүйесі Балуанда да жұмыс істеп тұр. Мұнда тұратын 261 адамның барлығына таза тіршілік көзі артығымен жетеді. Сол себепті, ұзын-сонар кезек те туындамайды. Жергілікті ақсақалдар айтқандай, ауылда су тапшылығы ешқашан болған емес.

Сақпен Байлова, Балуан ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

-Балуанда тұрып жатқаныма бірталай жыл өтті. Ауылымыз жақсы. Мектебіміз бен балабақшамыз бар. Ішіп жатқан суымыз да таза.

Ал Семиполка селолық округінің халқы – 1 мың 136 адамды құрайды. Олардың өздерінің қора-жайы, малдары бар. Мұнда, сондай-ақ, 5 серіктестік пен 21 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ауыл өмірін жақсартуға кәсіпкерлер де атсалысып жүр.

Әсем Әкішева, Семиполка селолық округінің әкімі, Шал ақын ауданы:

Биыл бізге “Семиполка” ЖШС-не Ренат Ибраев деген жаңа басшы келді. Жалғызбасты адамдарға жәрдемдесіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесуде.

Данаш Хамзина