Бизнес және экономика

Петерфельдтегі мұнай базасы қалпына келтірілмек

Кеңес одағы кезінде Мәскеу мен Қиыр Шығысты байланыстыратын мұнай тасымалдағыш желі тартылған. Магистраль СҚО арқылы өтеді. Бірақ Одақ ыдыраған сәттен өңіріміздегі жанармай базасы орталық жүйеден ажыратулы. Ұзақ уақыт бойы бос қаңырап тұрған қара алтын жеткізетін  құбырларға жуық арада тағы жан бітпек.

Давид Варагян, “Goldhein Investment Ltd” компаниясының бас директоры:
– Бүгін тарихи сәт деп айтсақ та болады. Себебі орталықтандырылған желіге қосыламыз. Бұл СҚО мұнай өнімдері, бензин және сұйық отынмен толықтай қамтуға мүмкіндік береді. Әсіресе астықты өңірдің егін, орақ науқанында агроқұрылымдар жанар май жөнінде қам жемейді. Мұнай базасының сыйымдылығы 100 мың текше метр.

Тікелей құбырмен келген ресейлік өнімді бөшкелерге құйып автомагистальға жөнелту үшін 18 шақырым темір жол салынған. Бүгінде атқарылған жұмыстарға 12 млн АҚШ доллары жұмсалыпты. Жаңартылған желі сұранысты жабумен қатар қара алтынның қарыштаған бағасын біршама реттеуге сеп болмақ.

Жұмаділ Молдақұлов,  “АльянНефтетрансПетро” ЖШС директоры:
– Егін егетін үш облыс Қостанай, Ақмола мен Сік Қазақтан облыстарына бұрын бұл мұнай өнімдері темір жол арқылы келетін. Оның кемшіліктері көп болды. Ұзақ уақыт күтесің, бағасы өседі. Қазір бірден құбырмен келіп, шаруалар қажетіне жаратады.  

«Goldhein Investment Ltd» компаниясының өкілдері бірыңғай экономикалық кеңістіктегі елдерді байланыстыратын логистикалық орталық құруды жоспарлап отыр.

Давид Варагян, “Goldhein Investment Ltd” компаниясының бас директоры:
– Петерфельд пен Петропавл Кедендік одақтағы РФ шекаралас. Осыны пайдаланып қалу керек. Логистикалық орталық құру екі елге де тиімді. Өйткені бір-біріне әлі де тәуелді. Осы жерде түрлі қызметтерді жиған кешен ашу ойда.  

Сондай-ақ бұл жерде ұн үгу кәсіпорыны, сыйымдылығы 60 мың тонналық элеватор және жылына 2 млн тонна мұнай өндіруге қауқарлы зауыт салынатын болады. Бұл шамамен тағы мыңға тарта жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді деп көзделуде.

Жеңіс Ермұқанов