Ауыл шаруашылығы

«Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша елді мекендер сапалы ауыз суға қол жеткізеді

Шаховское елді мекеніне магистральды су құбыры тартылғанымен колонкалар жұмыс істемейді. Құдықтың суы қатып қалмас үшін тұрғындар қымтап жауып қойған. Суы мөлдір, алайда судың сапасын ешкім тексеріп, сараптамадан өткізбеген. Дегенмен ауыл тұрғындары суды Петропавлдан тасып ішкенді жөн санайды, ауылдағы суды көбіне тұрмыстық қажеттіліктерге пайдаланады.

Ал, Тайынша ауданындағы Драгомировка ауылында 2007 жылы жер асты суымен қамтамасыз ететін нысан ашылған болатын. Бүгінде ол халық игілігі үшін қолданылмауда. Су құбырлары іске жарамды, нысан күзетіледі. Дегенмен ауыл тұрғындары ішер суды қолдан қазылған құдықтардан алғанды жөн санайды. Өйткені кейбірі суды сатып алуға қымбатсынады. Мұнда 1 фляг судың бағасы – 5 теңге. Енді біріне қыстың көзі қырауда суды алыстан тасу қолайсыз.
Ауылдық округтің әкімі Әдiлбек Өтеубаевты жұмыс үстінде таптық. Ол жұмысшылармен бірге электр желiсiндегi апатты жоюға білек сыбана кірісіп кетіпті.

Әділбек Өтеубаев, ауылдық округ әкімі:
– Су жақсы, жұмсақ. Бірақ әр аулада қолдан қазылған құдықтар бар. Ал олардың суы шамалы тұзды болып келеді. Жұрт содан алып ішіп жатыр. Егер су тарату бекетін тарату желісіне қосатын болса, халық қуана қолданатын еді. Өйткені, мына аязды күнде су тарату бекетіне тұрғындардың суға баруы қолайсыз.

Драгомировка ауылындағы мектепте өткен жиында тұрғындар бірқатар мәселелерге тоқталды. Олар ауыл шаруашылығы тауарларының төмен бағаға саудалануы,  жем-азықтың қымбаттығы, дәрі-дәрмекпен дұрыс қамтылмауы, ғаламторға қосылу жылдамдығының төмендігін тілге тиек етті. Бүгінде бұл мекенде жылыту қазандығы жақсы жұмыс істеп тұр. Ондағы үйлердің 48 пайызы орталықтан жылытылады екен. Енді ауылға газ тартылып, ауыз су әр үйге кірсе екен деген армандары да жоқ емес.

Материалды Қазақстан-Петропавл арнасының тілшілері әзірледі