Аптадағы маңызды жаңалықтар

2015 жылға дейін СҚО-ға 200 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылады

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында өңірімізде 500-ден артық өндіріс ошағы іске қосылған. Ондағы технологиялық жаңашылдықтарға бөлінетін қаржы 8 есеге артып отыр. Бүгінде 43 млрд теңгенің 30 жобасын жүзеге асыру қолға алынған,-деп атап көрсетті жиында облыс әкімі Cерік Біләлов. Астықты өңірдің мүмкіндіктері инвесторларды аса қызықтырып отыр. Әсіресе сырттан қаржы құюға ниеттілер өлкемізде мал шаруашылығы әлеуетін көтеруге басымдық беріп отыр.  “ДарСат-ПТК” серіктестігі озық үлгідегі шетелдік ауылшаруашылық техникасын тасымалдауды жақсы жолға қойған. Алматылық кәсіпорын енді СҚО-да биогаз станциясын, жылына 100 тонна сүт өндіретін ферма мен қуаттылығы 300 тонна болатын жетілдірілген мал азығын әзірлейтін зауыт ашуды көздейді. Соңғы жобаның құны 370 млн теңге. Ал “Торе-чингизид ЛТД” компаниясы өңірімізде шошқа күтіп-бақпақшы. Сметалық құжат дайын. Екі мың басқа шақталған кешен құрылысына 100 млн теңге жұмсалмақ. Жылына 360 тонна талпақ танау етін өндірумен қатар елордалық инвесторлар картон шығаратын зауыт жобасын ұсынып отыр

Игорь Овчинников, “Торе-чингизид ЛТД” директоры:
– Өйткені қағаз әзірлеуге сабанды пайдаланамыз. Бұл өңір еліміздің басты аграрлы облысы болғандықтан шикізат жөнінде мәселе туындамайды деп ойлаймын. Қазақстанда картон шығаратын кәсіпорын жоқ. Сондықтан шетелден импортталады. Біз жылына 2,5 мың тонна қағаз өндіруді межеледік. Оның құрылысына 1 млн доллар инвестиция тартамыз.

Халықаралық форум қатысушылары өңірдегі құрылыс саласының қарқын алуына да қаржы құюға үлкен қызығушылық танытты.
Абим Салихи, “RV REVA – Group SA” АҚ президенті, Швейцария:
– “Пластбаунт” – бұл заманауи энергия үнемдегіш технология. Біріншіден, құрылыс материалдарының өзіндік құнын 30% төмендетеді. Екі есе жылдам тұрғызылып, уақыт үнемдейді.  
Борис Зайцев, “Компания Меттен” ААҚ өкілі, РФ:
– Тұрғын үйлер мен қоғамдық нысандарды термопрофильді панельдерден тұрғызған әлдеқайда тиімдірек. Материал солтүстіктің ауа райына арнайы шығарылған. Шығын екі есе қысқарғанымен сапасы өзгермейді. Құрылыс уақыты тіпті үш есеге азаяды. Зауыттың бой түзеуіне 5 млн. еуро жұмсалады.

Бұл ретте елімізде Қазақстан мен Германияның баламасы жоқ бірлескен жобасы жүзеге асуда. Келесі жылы Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында ағаш плиталарын шығаратын өндіріс ошағы тапсырылмақ.

Мұрат Қамалбаев, “АБД – Арманы” кәсіпорнының директоры, СҚО:
– 44 млн теңге инвестиция тартылды. Оның 8 млн теңгесі өз қаржымыз. Сұраныс болатынына күмән жоқ. Өйткені Қазақстанда ДСП шығаратын алғашқы кәсіпорын боламыз.

Қытай Халық Республикасының кәсіпкерлері де бірегей жобаларын өңірімізде ендірмекші. Аспан асты елінің тапқырларының ұсыныстары көңілден шықса, жуық арада компьютер жинайтын және жарық үнемдегіш шамдар зауыты ашылмақ.

Чжан Бинь, “Inspur” компаниясының Орталық Азия елдері бойынша бас директоры:

-Біз тың технология, өндірістік желі, мамандармен қамти аламыз. Бұл жақтан зауыт, жұмысшылар мен қаржы қажет. Есептеуімізше ,өндірістің алғашқы кезеңін іске қосып айналымға шығару үшін 10 млн доллар қажет.  

“Казэнергорегион” ЖШС бас директоры Қамария Сағындық М. Жұмабаев ауданының орталығында салынып жатқан мұнай өңдеу зауыты жөнінде баяндады. Келісмге өткен тамыз айында қол қойылыпты.

Қамария Сағындық ,”Казэнергорегион” ЖШС бас директоры:
– Жыл соңына дейін қытайлық компаниямен мұнай өндіру зауыты бойынша толық келісімге тұрамыз. Бүгінде алғашқы кезеңін бастап кетуге 2 млрд. еуро инвестиция дайын.

“Gold Heyde Investment Ltd” компаниясының бас директоры Давид Варагян СҚО-ға  2010 жылдан инвестиция құйып келеді. Бүгінде оның бастамасымен өңіріміздегі Петерфельд ауылында мұнай өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. және “Биоплант” биоорганикалық тыңайтқыштар шығаратын өндіріс жобасы қолға алынды.

Давид Варагян, “Gold Heyde Investment Ltd” компаниясының бас директоры:
– Қазір бұл жобаны Қазақстан-Ресей жаңа технологиялар қоры қарап жатыр. Бастама қолдау тапты. Келесі жылы 60 мың тонна биоплант шығаруға қауқарымыз жетеді деп ойлаймын. Сондай-ақ 6 млн еуроның сыйымдылығы 60 мың тонна болатын элеватор құрылысын бастамақпыз.

2 сағаттың ішінде шетелдік және отандық бизнесмендер 20-ға тарта өміршең жоба ұсынды. Кездесу соңында 1 млрд. теңгенің бірқатар келісіміне қол қойылды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Шетелдік капитал ендірілетін әріптестік өңіріміздің экономикалық әлеуетін арттыруға сеп болатынына сенімдімін. Атқарушы билік өкілдері тарапынан ұтымды жобалардың жүзеге асуына барынша қолдау көрсетілетін болады.

Жеңіс Ермұқанов