Бизнес және экономика

Қазақстан-Ресей әріптестігі


 

B2B. Бизнеске-бизнес форматындағы мұндай кездесулер екі өңір үшін дәстүрге айналған. Бұл жолы РФ-ның Қорған облысынан 7 кәсіпорын әріптестік орнатуға ниет білдіріп отыр. Негізінен жол-көлік техникасына қызмет көрсету, жол құрылысы, азық-түлік өнімдерін жеткізу салалары бойынша.

Евгений Сочнев, Қорған облысы сауда-өнеркәсіп палатасының президенті, РФ:
– Кездесуге біздің өңіріміздің шағын және орта бизнес өкілдері келіп отыр. Ал бізді сіздердегі бидай өндіру ісі қызықтырады. Өйткені солтүстікқазақстандық ұнның сапасы жоғары.

Жергілікті кәсіпорындар да шекаралас елдің бизнесіне қызығушылық танытуда. «Молпродукт» ЖШС нарықта 17 жыл. Олар жұмыс сапасын арттыру үшін техника паркіне мән береді. Сондықтан жеңіл және жүк көліктерінің қосалқы бөлшектерін шығаратын «АвтоЛига» ЖШҚ-ның өкілдерімен әріптестік орнатпақ.

Арман Әбдіғалымов, «Молпродукт» ЖШС сатып алу жөніндегі директоры:
Біздің кәсіпорын күніне 500 тоннаға жуық сүт өндіреді. Сондықтан осындай автокөліктерді шығаратын зауыттардың өкілдерімен тікелей кездесу мүмкіндігін қалт жібермедік. Тығыз қарым-қатынас орнату жоспарда бар.

Қазірдің өзінде екі шекаралас өңірдің кәсіпорындары бірлесіп жұмыс атқаруда.

Нелли Кукушкина, СҚО сауда-өнеркәсіп палатасының төрайымы:
«Казнефтемаш» ЖШС қорғандық кәсіпорынмен бірлесе, мұнай өндірісіне қажетті құрылғылар жасауда. Бүгінгі кездесуде қорғандық «Завод Старт» ААҚ да сүт тасымалдайтын көліктерді бірлесе шығаруды ұсынып отыр. Жалпы екі өңірдің бір-біріне ұқсастығы мол.  

Солтүстік Қазақстан және Қорған облыстарының сауда-өнеркәсіп палаталарының арасында 1998 жылы өзара әріптестік жөніндегі келісім жасалыпты. Бұл жолы бірқатар жаңа құжаттарға қол қою жоспарлануда.

Инеш Шоқақова