Мәдениет

Әлеуметтік-мәдени сала қызметкерлері марапатталды



 

Талай қиындықты басынан өткерген еліміз бүгінде аяғына нық тұрып, дамыған мемлекеттермен терезесін теңестірді. Бұл ретте әлеуметтік-мәдени саланың қызметкерлерінің де атқарған игі істері аз емес.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүйелі саясатының арқасында елімізде әлеуметтік-мәдени сала үлкен қолдауға ие болып отыр. Сіздер алдағы уақытта да Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етеді деген сенімдемін.

Мемлекеттің басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында бірқатар жерлестеріміздің еңбегі жоғары бағаға ие болды. Солардың төртеуі – халықтың денсаулығын қадағалап, түрлі дерттерден айығуға көмектесетін ақ халатты абзал жандар. «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісімен марапатталғандардың қатарында №3 емхананың бас дәрігері Әлия Тәшетова да бар.

Әлия Тәшетова, №3 емхананың бас дәрігері:
-Министрліктің және облыс әкімшілігінің СҚО жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлерінің еңбегін осылай бағалап жатқандарыңызға, марапаттап жатқандарыңызға көп-көп рахмет! Еліміздің байлығы – халқымыз. Халқымыздың байлығы – денінің саулығы. Сол денсаулықты сақтауға, нығайтуға біз жұмыс істеп жатырмыз, әлі де елеулі жұмыс атқарамыз.

Мәдениет саласы қызметкерлерінің ерен еңбегі де елеусіз қалмады. Осылайша 9 жерлесіміз «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісіне қол жеткізді.

Валентина Воробьева, бейнелеу өнері мұражайы директорының орынбасары:
Мен бақытты адаммын. Өйткені сүйікті ісіммен айналысамын. Мұндай төс белгіге ие болғаныма қуаныштымын, әрине. Бұл жалғыз менің емес, барлық мұражай қызметкерлерінің марапаты деп ойлаймын.

Сондай-ақ бұл күні футболдан балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің әдіскері Александр Новичков та қошеметке бөленді. Азамат «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталды.

Айдана Демесінова