Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жылу-электр орталығында жетінші қазандық іске қосылды



 

 

Қазіргі күні №2 жылу-электр орталығында 9 қазандық жұмыс істеп тұр. Оның қуаттылығы өңірімізді электр энергиясымен толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Жылумен облыс орталығы 100 пайыз қамтылған. Ал күрделі жөндеуден өткізілген № 7 қазандық  кәсіпорын жұмысын одан әрі еселей түспек. Бұл мақсатқа жұмсалған қаржы 2 миллиард 862 миллион теңгені құрайды.

Виктор Бармин, № 2 ЖЭО директоры:

-Бұл қазандық электр қуатын қосымша 12 мегаватқа арттыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне қалаға берілетін жылу көлемі де артады. Сондай-ақ қазандықтардың жұмыстарын 2,5 пайызға арттыруға жол ашып отыр.

Қазандық іске қосылғаннан кейін облыс әкімі кәсіпорынның жалпы тыныс-тіршілігімен танысты. Қазір бұл жерде №4 бу турбинасы да күрделі жөндеуден өткізілу үстінде.

Игорь Татаров, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ басқарма төрағасы:

-Жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба құны 4,5 миллиард теңге. Ол электр қуатын қосымша 60 мегаватқа арттыруға мүмкіндік бермек. Оны күзде іске қоссақ, келер жылдың желтоқсанында №8 қазандық өз жұмысын бастайды. Бұл электр қуаты мен жылу қорын жасақтауға жол ашады.

Бұл жұмыстардың барлығы инвестициялық жобалардың арқасында жүзеге асып отыр. Алайда жергілікті атқарушы билік тарапынан да қолдау керек деді өңір басшысы. Бірінші кезекте жылу желілерін жаңарту. Себебі бүгінде олардың 70 пайызының тозығы жеткен.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Қыруар қаржы құйылуда. Ондағы мақсат – жылу- электр орталығын жаңа деңгейге көтеру. Сол кезде электр қуаты мен жылу өндіру де арта түседі. Алайда тозығы жеткен желілер жаңартылуы тиіс. Оның үстіне көптеген жылу желілері иесіз деп есептеліп отыр. Соларды анықтап, кәсіпорынның балансына өткізу керек.

Бүгінде компания өздері өндіретін электр қуатымен өңіріміздің 412 мың тұрғынын, ал қаланың 204 мың халқын жылумен қамтамасыз етіп отыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті уақтылы пайдалану, кәсіпорын жұмысын одан әрі әртараптандыруға жол ашары сөзсіз.

Самат Есмағи