Бизнес және экономика

Қалада жұмыс істейтін жастар үшін 2 жатақхана салынбақ

 

 

“Еңбекпен қамту-2020” мемлекеттік бағдарламасы іске қосылғалы бері екі жылдың ішінде өңірде бірталай істің басы қайырылыпты. Барлығы 6 мыңнан аса адам тегін қайта даярлау курстарынан өтіп, өз кәсібін тапқан. Мәселен, осылай биыл оқытылғандардың 96 пайызы жұмыспен қамтылған екен. Азаматтар, негізінен, әлеуметтік сала және жастар тәжірибесі бойынша орналастырылыпты. 600 млн теңгенің 268 дана несиесі үлестірілген. Енді аталған жобаға енгізілген өзгертуге сәйкес келер жылы мамандарды дайындауға басымдық берілуде. Яғни, азаматтар кәсіпкерлерден түскен тапсырыста көрсетілген жұмысшы санына байланысты оқытылмақ.

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы:

-Жұмыс беруші кәсіпкерлермен тығыз жұмыс жасайтын боламыз. Енді, олар оқуға жіберетін адамдарды және оқытатын орынды өздері таңдайды.

Сондай-ақ, арнаулы білімімен жұмыс істейтін жастар үшін әрбіреуі 100 орындық екі жатақхана салу жоспарланып отыр.

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы:

-Жатақхана азаматқа 5 жылға жалға беріледі. Осы уақыт аралығында ол тұрғын үй-құрылыс жинақ банкімен келісім-шарт жасасып, ақша жинауы тиіс.

Яғни жастардың жатақхана бөлмесін арзан бағаға жалдап тұрып, өз баспанасына ақша жинау мүмкіндігі бар. Бұл – мемлекет қолдауының дәлелі. Жатақхана салынатын аудан ретінде қаладағы Береке ықшам ауданы мен Юбилейная көшесі таңдалып отыр.

Данаш Хамзина