Кеден

Кеденшілер марапатталды

 

Соңғы жылдары кеден саласында бірқатар өзгерістердің орын алғаны белгілі. Жұмыс көлемі азайып, бекеттердің қысқартылуына қарамастан, кеденшілерге қойылған талап өзгерген жоқ. Олар : кедендік іс саласындағы заңбұзушылықтарды анықтау, салық пен төлемдердің бюджетке түсуі мен экспорттық-импорттық тауар алмасуды қадағалау. Бұл жұмыстың маңыздылығына облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров тоқталды.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
-Қоғамдағы заңдылықты қамтамасыз етуде сіздердің қосар үлестеріңіз зор. Кедендік одақтың құрылуы қызметкерлерге зор жауапкершілік артылып отыр. Сіздер аянбай еңбек етеді деп сенеміз.

Кәсіби мереке күні жыл бойы атқарылған жұмысты қорытындылау дәстүрге айналған. Жыл басынан өңірдегі сыртқы тауар айналымы 2,3 есеге өсіп, 807 млн АҚШ долларын құрапты. Кедендік іс саласында 22 қылмыстық және 36 әкімшілік іс қаралған.

Сән Жұмағазина, Петропавл кедендік ресімдеу орталығы кеден бекетінің аға маманы:
– 11 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет 1 млрд 926 млн теңгеге толықты. Бұл тапсырманы 102 пайызға орындадық деген сөз.

Мереке күні өз еңбегімен ерекшеленгендер марапатқа ие болды. 2 қызметкерге «Кеден қызметінің үздігі» төсбелгісі табысталды. Бұл салада 17 жыл бойы қызмет ететін Гүлнар Бекболатова осы мәртебеге ие болып отыр.

Гүлнар Бекболатова, СҚО бойынша кедендік бақылау департаменті кедендік кірістер басқармасының бастығы:
– Мен жұмысқа келген кезден бастап, нормативтік-құқықтық актілерге сай қызмет етуге тырыстым. Ұстаздарымыз да білікті болды. Соның арқасында жемісті қызмет атқарудамын.

Салтанатты жиында құрмет грамоталары, алғыс хаттар мен ведомстволық медальдардың иелері белгілі болды.

 Инеш Шоқақова