Бизнес және экономика

Биыл азық-түлік өнімдерінің бағасы айтарлықтай өсті

 

Азық-түлік бағасы құрық салдырар емес. Уақыт өткен сайын тауарлардың құны өсіп келеді. 11 айды қорытындылаған облыстық статистика департаментінің мамандары бұл көрсеткіштің 4,8 пайызға жеткенін айтып отыр. Бүгінде ет сатып алуға барлығының қалтасы көтереді деп айту қиын. Өйткені оның құны тағы да өсіпті.

 Наталья Родионова, СҚО статистика департаменті баға статистикасы басқармасының бастығы:
-Ағымдағы жылы сиыр және шошқа еті қымбаттап отыр. Сиыр етінің бағасы -14,2, шошқа еті – 15, ал құс етінің құны 5 пайызға өсті.

Көкөністердің бағасы биыл 2,5 пайызға өсіпті. Соның ішінде орамжапырақтың құны биыл 72 пайызға қымбаттаған. Инфляцияның қалыптасуына коммуналдық қызмет тарифтерінің көтерілуі деп себеп болып отырған көрінеді.

Наталья Родионова, СҚО статистика департаменті баға статистикасы басқармасының бастығы:
2012 жылдың 11 айында суық су 23 пайызға, газ 12,3, электр энергиясы 10 пайызға, қоқыс жинау 5,6 пайызға қымбаттады. Жыл басынан байланыс қызметінің бағасы 12,1 пайызға, соның ішінде пошта қызметінің құны 55,4 пайызға қымбаттады.

Қараша айында өңірімізде жұмыртқа құны – 10, макарон өнімдері – 3, жеміс-жидектер – 0,7 пайызға қымбаттады. Ал қант 1,7 пайызға арзандаған. Азық-түлік бағасының қымбаттауы бойынша аймағымыз 8-ші орында. Бұл жақсы көрсеткіш. Дегенмен, ол жерлестеріміздің қалтасына түскен салмақты жеңілдеткен жоқ. Өйткені өңір халқының табысы соңғы орыннан көтеріліп көрген емес. Облысымыздағы орташа жалақы қазан айындағы мәліметтер бойынша 67 972 теңгені ғана құрады. Ал азық-түлік пен қызмет бағасы бағынар емес.

Мен зейнеткермін, ең төменгі зейнетақы аламын. Ай сайын азықтүліктер қымбаттап жатыр. Бізге дәрі-дәрмек керек. Коммуналдық төлем керек.
Барлығының бағасы қымбаттады. Жалақы, зейнетақы жетпейді. Етті бұрын 900 теңгеден сатып алсақ, қазір оның бағасы 1200 тг
Кондитерлік өнімдердің де, еттің де бағасы қымбаттады. 1000 теңгеге етті таба алмаймыз қазіргі уақытта. Коммуналдық қызметтің құны да өсіп отыр.

Айдана Демесінова