Қоғам

12.12.12. күні Петропавлда 25 жұп некелесті

 

 

 

Он екінші жылдың он екінші айы және он екінші күні. Бір ғасырда ғана қайталанатын сандар тоғысын көпшілігі ерекше ықыласпен қабылдап, осы күнмен маңызды деген оқиғаларды байланыстырып жатады. Әсіресе, жас жұбайлар некелерін осы күні заңдастыруға тырысады екен. Мұндай қадамға барғандардың бірі – Асхат пен Әсел Уәйісовтар.

 Әсел Уәйісова:
-Мен мұндай қасиетті санның құдіретіне сендім. Сол себепті осы күні некемізді заңдастыруға ұсыныс жасадым.
Асхат Уәйісов:
– Сандар қасиетіне сенбеймін. Дегенмен күнтізбеде ерекше қайталанбайтын әдемі сандар.

Асхат пен Әсел бүгін мұнда келген сегізінші жұп.  
Жалпы дәл осындай бірдей сандар шеруі 2001 жылдың бірінші қаңтарынан бері он екі жыл бойы жалғасып келеді. Күнтізбедегі осындай сәйкестік жаңа құрылған шаңыраққа махаббат, береке, татулық алып келеді деп сенеді екен көпшілік.

 Сергей Мамыкин, некесін заңдастырушы:
– Біз көп жылдан бері бірге тұрамыз. Балаларымыз да бар. Осындай сандардың сәйкестігіне сенемін. Сол себепті әдейі осы күні неке қиюды шештік.

Ал әділет департаментінің мамандары болса, мұндай сәйкестік пен күнделікті датаның арасында ешқандай айырмашылық жоқ деп отыр. Әр күннің өзіне тиесілі еншісі бар. Сол себепті де айдың әр жұлдызынан жақсылық күткен жөн.

Әспет Әбдірешова