Бұл білім ордасының оқушылары бұл сынды жарыстарға әрдайым қатысып келеді. Соңғы үш жылда халықаралық додаларда 9 медальмен қоржындарын толықтырыпты. Бангладеште өткен астрономиялық олимпиадаға Қазақстаннан 8 оқушы барған. Солардың ішінде «Лорд» мектеп-лицейінің оқушылары Кирилл мен Рената да бар. Тартысты додаға қатысушылар 3 кезең бойынша сынға түскен. Кирилл тапсырмалар ауқымды болды, біраз қобалжыдым дейді.
Кирилл Бородин, “Лорд” мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы:
– Халықаралық астрономиялық олимпиадаға бармас бұрын, республикалық жарыста бағымды сынадым. Онда екінші орынды алдым. Сол кезде Бангладеште өтетін тартысты додаға кімдердің баратыны іріктелді. Мен де сыннан өттім. Алда екі жарыс бар. Содан сүрінбей өтсем, ел құрамасына кірмекпін.
Астрономиялық олимпиадада Кирилл қола алқа тағынса, Рената дипломмен марапатталыпты.
Рината Садртдинова, “Лорд” мектеп-лицейінің оқушысы:
– Дәл осындай жарыс былтыр Ақтөбе қаласында өткен еді. Онда бізді Байқоңырға апарды. Онда жүлдегер атануым үшін 2 ұпай жетпей қалды. Бұл жолы жоғарғы сыныптармен сынға түстім. Маған алған тәжірибем аздық қылды. 7 күн бойы біз әр түрлі қалаларды араладық.
Тартысты додаға 6 мемлекеттен 40-қа жуық оқушылар қатысыпты. 8-ші рет өткізілген олимпиаданың қорытындысы бойынша бірінші орынға Оңтүстік Корея, екінші орынға Қытай ие болған, ал үздік үштікке қазақстандық оқушылар да енді.
Константин Рыб, “Лорд” мектеп-лицейінің директоры:
– Біз астрономиялық олимпиадаға осымен 4 жыл қатарынан қатысудамыз. Жыл сайын мамырда республика көлемінде халықаралық жарысқа іріктеу өтеді. Біздің оқушылар бұл сындардан қиналмай өтеді.
Білім ошағының шәкірттері енді физикадан өтетін халықарлық олимпиадада өз бақтарын сынап көрмек.
Гүлбану Ахметова