Балалар

Студенттерді еңбекпен қамту

Иван Лапшин – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті. 3 курс студенті түске дейін “Програмист” мамандығының қыр-сырын меңгереді. Оқудан қолы босаған уақытта дәмханада жұмыс жасап,нәпақасын тауып жүр.

 Иван Лапшин, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:
– Колледжге студенттік еңбек биржасының мамандары келіп үгіт-насихат жүргізді. Бағдарламаның тиімділігін білгесін мүмкіндікті қалт жібермеуге тырыстым. Оқуыма кедергі келтірмейді. Мемлекеттік бюджет есебінен тегін білім алып жатырмын. Бос уақытымда жұмыс істеп тапқан жалақым жаман емес. Өзіме артылып жетеді.   

«ЛавСтори» дәмханасында жаңадан құрылған әлеуметтік қызметтің көмегімен екі студент тұрақты табыс көзімен қамтылыпты.

 Алена Тхен, “ЛавСтори” дәмханасының директоры:
– Бағдарлама аясында жіберген студенттері өте еңбекқор. Сондықтан Иван келгенде де жұмысқа қуана қабылдадым. Еңбек жолдарын енді бастағасын біраз тәжірибе жинақтау керек. Берген кеңесті тез қағып алып екі етпей орындайды. Болашақ маманықтары үшін де бұл қасиеттері қажет болады. Сондықтан бастаманы толықтай қолдаймын.  

Студенттік еңбек биржасын құрудың басты мақсаты да осы. Шәкірттерді оқуынан қалдырмай, маусымдық жұмысқа тартып, еңбек етуге машықтау.

Ирина Осинская, студенттік еңбек биржасының менеджері:
Біз тек оқып жүргендерді ғана емес, 18-29 жас аралығындағы жұмыссыздардың еңбекке тұруына септесеміз. Бүгінге дейін қол қусырып отырмай, қаражат тапқысы келетіндерді өңіріміздің 447 кәсіпорынына орнаттық. Бір қиындығы өндіріс ошақтары жұмысқа толық күнмен алуды қалайды. Десе де біздің талаптарға көнетіндері де бар.  

Бүгінде жұмыс ұсынушы мекеме басшылары мен жастарды біріктіретін ұйым тізімінде 500-ден артық бос орын бар. Екі қолға бір күрек іздеп келген 2000 жастың 1256-сы көздегеніне жеткен.

Жеңіс Ермұқанов