Білім

Инклюзивті білім беру бағдарламасы



 

«Батыр» бөбекжай-бақшасының ашылғанына биыл бір жыл толады. Жалпы мұнда тәрбиеленетін бүлдіршіндердің саны – 285. Мұнда сау балалармен бірге мүмкіндігі шектелген 19 бала түзету-дамыту тобында тәрбиеленеді. Осыдан екі ай бұрын іске қосылған Монтессори кабинетінде мүгедек балалардың жаттығуы үшін барлық жағдай жасалған. Яғни мұнда балалар қолдарына алғысы келген заттарды алып, өз бетінше жаттығуларына мүмкіндік бар.

Татьяна Насырова, «Батыр» бөбекжай-бақшасының дефектолог-логопеды:
– Бұл бөлмеде балалар өмірде қажетті қарапайым тәжірибеге үйренеді. Яғни мұнда олар қанша уақыт болғысы келеді, немен ойнағысы келетінін бақылаймыз. Тыныштықта әркім не ойнайтынын өзі шешеді. Біз тек қана қастарында бақылап, түзетіп отырамыз.

Ал «жанұя бөлмесі» тікелей мүкіндігі шектелген балаларға арналған. Елена Винникова ұлы Ванямен күн сайын осында келіп, жаттығады екен. Кішкентай Ваня аутизммен ауырады. Аутизм – кішкентай балалардың ми қызметінің бұзылуы салдарынан айналадағы адамдармен қарым-қатынас пен байланысқа түсу қиыншылықтарын тудыратын психикалық ауытқу. Яғни бала миына келіп түскен ақпараттарды қабылдамайды.

Елена Винникова, ана:
Мен баламмен көп жерге бардым ем іздеп. Түрлі әдіс-тәсілдерді білдік. Соның бірі израильдіктер қолданатын отбасы бөлмесін қалыптастыру. Бұл әдістің тиімділігі – бала ойын ойнау арқылы көп нәрсеге үйренеді. Ал ата-аналары болса, осы жерде тәрбиешілердің баламен жұмысын бақылау арқылы оны үйде қайталай алады.

Мұнда балалармен жұмыс жасайтын логопед, дефектолог, дене шынықтыру және музыкадан сабақ беретін мамандардың бәрі баланың ақыл-ойын дамыту жолында жұмыс жасайды.

 Майра Рамазанова, «Батыр» бөбекжай-бақшасының әдіскері:
– Бізде қазақ, орыс және  мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 2түзету-дамыту топтары бар. Барлығын санағанда мұнда – 3 топ. Бізде инклюзивтік білім беру бойынша дамытушылық, түзетушілік балалармен бірге жұмыс істеледі. Олар тек қана коррекциялық топтарда ғана емес, сау балалармен бірге жаттығады.

Бүгінде облыс бойынша мектеп жасына дейінгі балалардың 908-інің мүмкіндігі шектелген. Оның 113-і арнайы 9 топта тәрбиеленеді.

Әспет Әбдірешова