Білім

Аязды күндері мектептерде сабақ болмайды



 

Данаш Хамзина, тілші:

– Бүгін таңертең сынап бағанасы облыс бойынша – 30-32 градусты көрсеткен болатын. Бұл оқушылардың сабақ оқуы үшін тым қолайсыз ауа райы және балалардың мектепке баруы,тіпті, қиынға түсетіні айтпаса да түсінікті. Сол себепті, қазір өңірдегі барлық жалпы білім беретін білім ұялары уақытша босап тұр.

Саршұнақ аязда көшеде көп жүрген адамның үсіп кету қаупі басым. Білім басқармасы осы жағдайды ескеріп, мектеп оқушыларының аязды күндерді үйлерінде өткізгені дұрыс деп шешкен.

Амангелді Әбдірахманов, СҚО білім басқармасы бастығының орынбасары:

– Ауа райы -27 градусқа жеткенде 1-7-сыныпқа дейін, ал, сынап бағанасы – 30 градусты көрсеткенде 11-ші сыныпқа дейін, лицей, колледждің 1-ші курс студенттері сабақтан босатылады.

Бұл күндері қалыс қалған оқу бағдарламасы кейін міндетті түрде оқытылады.Өткен жылы да өңірдегі 585 мектепте сабақтар күннің күрт суытуына байланысты бірнеше рет тоқталыпты. Синоптиктердің айтуынша, осындай ауа райы желтоқсанның 14-іне дейін сақталады деп күтілуде. Кей жерлерде  тіпті сынап бағанасы -35-38 градусқа дейін түсуі мүмкін. Сол себепті, білім басқармасының мамандары ата-аналардан мектеп әкімшілігімен байланыста болып, жалпы жағдайды үздіксіз біліп тұруларын сұрайды.

Данаш Хамзина