Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерін несиелеу



 

Үстіміздегі жылдың 11 айында солтүстікқазақстандық ауылшаруашылығы тауар өндірушілері “Аграрлық несие корпорациясы” акционерлік қоғамы арқылы 11 миллиард теңгеге жуық демеу қаржы алған. Ол өңіріміздегі аграрлық саланы дамытуға бағытталып отыр.

Әлия Назарова, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚОФ несиелік маманы:

-2012 жылы ауылшаруашылығы өнім өндірушілерінің көктемгі дала жұмыстарына корпорациядан 7 миллиард 670 миллион теңге қаржы бөлінді. Ол ауылшаруашылығы көліктеріне қосалқы бөлшектер, түрлі тыңайтқыштар алуға, бір сөзбен айтқанда ауылшаруашылығын жаңғыртуға жұмсалды.

Оның жылдық үстеме ақысы 5 пайыз. Корпорацияның бұдан басқа да бағдарламалары бар. Ол да ауылшаруашылығын қаржыландыруға бағытталған.

Әлия Назарова, “Аграрлық несие корпарациясы” АҚ СҚОФ несиелік маманы:

Тағы бір бағдарлама бар. Ол кредиттік серіктестіктер жүйесі арқылы. Онда жылдық 8-9 пайызбен қаржыландырылады. Биыл кредиттік серіктестіктер арқылы бізге 274 өтінім берілді. Ол 2 миллиард 606 миллион теңгеге қаржыландырылды.

Ауылшаруашылығы несие корпорациясы мал басын көбейтемін дегендерге де қол ұшын беріп отыр. Бұл мақсаттағы қаржыландыру “Сыбаға” бағдарламасы арқылы жүзеге асады. Оған қызығушылық танытқан солтүстікқазақстандықтар саны да аз емес.

Әлия Назарова, “Аграрлық несие корпарациясы” АҚ СҚОФ несиелік маманы:

-Биылғы жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 30 шаруашылық 395 миллион теңгеге қаржыландырылды.  Несие ірі қараның аналығы мен асыл тұқымды мал сатып алу үшін беріледі

Биылғы жылы аталмыш бағдарлама бойынша шаруашылықтар алған сиырлар саны 1930 бас болса, сонымен қатар 99 бас асыл тұқымды бұқаларға да қол жеткізілген. Зеңгібаба негізінен герефорд пен қазақы ақбас сиырлар. Оларға бөлінген қаржының жылдық үстемеақысы 6 пайыз. Несие 7 жылға беріледі. Қайтарым мал алынғаннан кейін екі жылдан соң жүре бастайды екен. Бұл төрт түлік өсіремін дегендерге айтарлықтай көмек.

Самат Есмағи