Құқық қорғау органдары

Қаржы полициясындағы ашық есік күні


 

Осы жолғы шара  халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнімен тұспа-тұс келді. Бұл күн әлемде 2003 жылдан атап өтіледі екен. Ашық есік күнінде жерлестеріміз қаржы полицейлерінің жұмысымен, ағымдағы жылы атқарылған істерімен танысты.

 Анар Жарова, СҚО экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы:
-Ағымдағы жылдың 11 айында 47 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді. Оның дені өз лауазымды қызметін асыра пайдаланатындардың кесірінен орын алып отыр. Әсіресе мемлекеттік сатып алулар кезінде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Мәселен, құрылыс саласында 8 заңбұзушылық фактісі тіркелді.

Жиында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға енгізілген өзгерістер жайлы да айтылды. Онда «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің түбіне балта шапқан азаматтар үшін арнайы марапаттар қарастырылыпты. Алайда бұл қылмыс дәлелденбесе, жалған ақпарат берген азамат жазаға тартылмақ. Мамандардың қызықты әңгімесін тыңдаған жерлестеріміз кейін өз сауалдарын жолдады. Айнаш Әбішева М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді  заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Бойжеткен бұл жерге жұмысқа орналасу үшін келіпті.

 Айнаш Әбішева:
-Мұнда қаржы полициясына қызметке тұру үшін келдім. Заңгер мамандығын меңгергендіктен, құқық қорғау саласында жұмыс істегім келеді. Ашық есік күні өтетінін жүгіртпе жолдан оқыдым.

АйданаДемесінова