Мәдениет

Эстрада әндерін орындаушылар байқауы



 

Бұл бүлдіршіндердің зал толы көрерменнің алдында алғаш рет өнер көрсетуі емес. Жас жұлдыздар өз өнерлерімен тек тыңдарманды ғана емес, сонымен қатар қатал қазылар алқасының көңілінен шығу керек. Сайысқа барлығы 25 өнерпаз қатысты.

 Наталья Зайцева, қазылар алқасының мүшесі:
– Бұл конкурс жас дарындарды анықтау мақсатында екі жылда бір өткізіледі. Бастысы қатысушылар өздерінің орындауындағы әнмен көптің көңілінен шығып, құлақтың құрышын қандырардай қылып жеткізу керек.

Сахнада ең алғаш өнер көрсеткендердің бірі – Әділ Хасен. 9 жасар әнші Тайынша ауданының намысын қорғай келіпті. Көпшіліктің алдында ол «Мен қазақпын» әнін орындады.

 Әділ Хасен, байқауға қатысушы, Тайынша ауданы:
– Мен орындаған ән Отан, туған жер жайында. Меніңше бастысы, жеңу емес, ол сайысқа қатысу.

Байқауға 7 мен 18 жас аралығындағы кез-келген тілек білдіруші қатыса алды. Нұрай Амангелдинова – 10 жаста. Бүгінгі сайысқа ол бір ай бойы дайындалған екен.

 Нұрай Амангелдинова, байқауға қатысушы, Шал ақын ауданы:
– Маған қиын болған жоқ өлең айту. Бұл ән той туралы. Мен жеңгім келеді. Қарсыластар да өте мықты. Оларға сәттілік тілеймін.  

Эстрадалық ән байқауында Ирина Лапина, Дана Жұмекенова мен Мария Литвинова үздік жеке орындаушылар атанса, Есіл ауданынан келген Мерей Үсен гран-приге ие болды. Жарыстың барлық қатысушыларына бағалы сыйлықтар табысталды.

Әспет Әбдірешова