Қылмыс

Шал ақын ауданында ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді


 

Желтоқсанның 6-сы күні шамамен сағат 18.00-де «Петропавл – Жезқазған» тас жолының 809-шы шақырымында Жанажол ауылының маныңда «Москвич-412» және «Toyota-Avensis» маркілі автокөліктер бетпе-бет соқтығысады. Апат салдарынан «Москвич» машинасының 36 жастағы жүргізушісі мен үш жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Ал тірі қалған біреуі ауруханаға ауыр халде жеткізілген. «Toyota-Avensis» көлігінде отырған азаматтар   жолы болып, аман қалды. Олар – дәрігерлердің бақылауында.

Әбілсейіт Жолаушин,  СҚО ІІД ЖПБ инспекторы:

– Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сараптама жұмыстары жүргізілген соң, апаттың нақты себебі белгілі болады. Негізі “Москвич” жүргізушісі рөлге ие бола алмай қарсы бағытқа шығып кеткен деп болжамдап отырмыз.

Жыл басынан бері облыста 365 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. 66 адам мерт болып, 436-сы жарақаттанған. Осындай апаттардың алдын алу мақсатында жол сақшылары желтоқсанның 7-сінен «Стробоскоп» шарасын жүргізіп жатыр. Яғни, жол жүру ережесін сақтамайтын және көлігінің төбесіне өзгеге кедергі келтіретін диодты жарық шамдарды орнатып алған жүргізушілер анықталмақ.

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД ЖПБ инспекторы:

– Барлық көлігі бар азаматтарға жолда абай болыңыздар деп айтқымыз келеді! Жылдамдықты шектен тыс асырып, асығудың қажеті жоқ. Қауіпсіздік шараларын естен шығармаңыздар!

Данаш Хамзина