Қайырымдылық

Қайырымдылық кеші

 

 

“Әлемде саңыраулар болмайды” атты қайырымдылық кешіне қатысушылар алдымен көрмені тамашалады. Мұнда есту қабілетінен айырылған жеткіншектердің қолымен жасаған бұйымдары қойылған. Онда тоқылған киімдер, суреттер, ағашпен ойылып жасалған естелік бұйымдардың сан түрі бар. Жарымжан балалар жан-жақты. Сахнаға шығып жиналғандарға өз өнерлерін де паш етті.
Қайрымдылық кеші барысында кітап, суреттер, мерейтойлық монета, шам қойғыш және т.б. заттар акционға шығарылды. Шараға жиналғандар облысымыздағы саңырауларға көмек қолын созу үшін аукционға шығарылған бұйымдарды сатып алуда.Бүгінде облыстық саңырау балаларға арналған мектеп-интернатында  есту қабілетінен айырылған 150 бала тәрбиеленуде. Қайырымдылық кештен түскен қаражатқа мектеп-интернат басшысы Жангелді Тәжин тәрбиеленушілеріне жаңа компьютерлер сатып аламын дейді. Интернат тәрбиеленушілері Евгений мен Динара кешке ерекше дайындалыпты. Бірі ән айтса, екіншісі би билемек.

Евгений Измалков, СҚО саңырау балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушісі:
-Музыканы естімесек те қол қимылдарымыз арқылы халыққа жеткізуге тырысамыз. Біз өз өнерімізбен облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып тұрамыз.

Динара Сартаева, СҚО саңырау балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушісі:
– Маған сәндік биді билеген ұнайды. Бүгінгі шараға жақсы дайындалдық. Бірақ қобалжып тұрмын.  

Бүгінде өңірімізде 850-ден астам саңыраулар бар. Оның 457-сі қалада болса, қалғандары аудандарда. Мұндай жандар көмекке зәру дейді ұйымдастырушылар.

 Василий Мироняк, “Қазақ саңыраулар қоғамы” ҚБ СҚО филиалының төрағасы:
-Мұндай қайырымдылық кеш өңірде алғаш рет өткізіліп отыр. Мақсатымыз саңырауларды қоғамдық жұмыстарға баулып, оларға көмектесу. Сонымен қатар олардың өнерге жақын екенін де көрсетпекпіз. Бүгінгі қайырымдылық кешке келгендер материалдық түрде жәрдем береді деп ойлаймын.

Мұндай қайырымдылық кешті жыл сайын өткізу дәстүрге айналмақ.

Гүлбану Ахметова