Энергетика

Энергетиктер қыста электр желілерінің кез-келген учаскесіне бара алады

 

 

Әспет Әбдірешова, тілші:

– Мына машина соғыс жылдары қолданылған екен. 1994 жылы қайта жасақталған техника бүгінде бейбіт мақсатта, яғни ерекше апатты жағдайлардың алдын алуда таптырмайтын құралға айналып отыр. Айту керек, бұл біздің өңіріміздегі осындай жалғыз көлік.

Шынжыр табанды техниканың көмегімен қар құрсауында қалған немесе басқа да көліктер өте алмайтын жерлерге жетуге болады. Әсіресе апатты жағдайларда бұл машинаның пайдасы зор. Жүк әрі жолаушы тасымалдайтын көлікті қалай жүргізіп, меңгеру керектігін Александр Азегов бес саусағындай біледі.

 Александр Азегов, “СК РЭК” АҚ МГГП-1 көлігінің жүргізушісі:
– Кәсіпорында мен 1981 жылдан бері жұмыс істеймін. Өзім әуе-десант әскерінде болғаннан кейін, көліктің барлық түрін басқара аламын. Негізгі мамандығым электр дәнекерлеуші. Осы көлікпен 15 жыл бойы жүріп келемін. Бұл техникамен боран немесе бұрқасындар кезінде жарықсыз қалған шалғай жерлерге электр жөндеуші монтерларды тасымалдаймыз.

Жылумен қамтушы кәсіпорын жұмысшылары жоспарлы түрде шалғай жерлерде орналасқан электр желілерін тексеріп отырады. Биылғы жылы арнайы бригада мұндай бақылауға бірінші рет шығып отыр.

 Виктор Люлин, “СК РЭК” АҚ ВЛ-35 кВ қызметінің бастығы:
– Біз өз жұмысымызда сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Жолы азапты, алыстағы электр энергиясын тұтынушылар үшін жылдам әрі тез өтетін техникамен жетеміз. Бүгін Булаев бағытындағы электр желілерінің бірінде жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бригадамыздың құрамында 12 қызметкер бар.

Сағатына орташа есеппен – 40, ал ең жоғары жылдамдықта 80 километрді бағындыратын арнайы техниканың әлі де ондаған жыл бойы қалтқысыз жұмыс жасайтын күші бар көрінеді. Жалпы облыс аумағындағы электр желілерінің ұзындығы 14 мың шақырымды құрайды.

 
Әспет Әбдірешова