Құқық қорғау органдары

Қарызын өтемегендер баспанадан айырылады



 

Сот орындаушылары Шухов,10 мекенжайындағы 87-ші пәтерде тұратын Асовтарды соттың шешімімен үйден шығаруға барды. Бірақ есікті қанша қаққанмен пәтерде ешкім болмай шықты. Бұл пәтерде тұратын екі ағайынды мұраға қалған үйді бөлісе алмай сотқа арыз беріпті. Сот баспана екі арызданушының біреуіне ғана тиесілі деген шешім шығарған.

 Азат Бекқожин, СҚО сот актілерін орындау Департаментінің аға сот орындаушысы
– Пәтер иелерінің үйінде болмауы көп кездеседі. Соттың шешімі шыққан соң біз оны орындаймыз. Пәтер иелері үйінде жоқ болған жағдайда есіктің құлыптарын сындыруға мәжбүр боламыз. Кейін пәтердегі заттардың бәрін тәркілеп, алып кетеміз.  

Пәтер және үйдің ішіндегі бағалы заттардың соттың шешімімен тәркіленуіне үй иелерінің банктен алған несиесін, коммуналдық қызмет ақысын төлемеулері себеп болуда. Биыл қарызға белшеден батқан 61 пәтердің 14-нің ғана иелері өз еріктерімен үйді босатыпты. Ал қалғандарын сот орындаушылары мәжбүрлі түрде шығарған. Айта кету керек, үйді босату үшін соттың шешімі шыққан соң борышкерлерге 5 күн беріледі. Содан соң пәтер тәркіленіп, сатылымға шығарылса, бағалы заттар уақытша қоймада тұрады. Мәселен, мұнда Верясовтың үй жиһаздары 1,5 жылдан бері тұр екен. Алған несиесін төлемегеннен кейін, пәтеріндегі бағалы заттар тәркіленген. Бірақ көп уақыт өтсе де жиһаздарын әкетуден бас тартыпты. Қоймаға әкелінген заттарды алу үшін борышкерлер қарызды өтеп қана қоймай, мұнда сақталған заттардың әр тәулігіне де ақша беруі тиіс екен.

Азат Бекқожин, СҚО сот актілерін орындау Департаментінің аға сот орындаушысы
 
– Мұнда тұрған заттардың бәрі соттың шешімімен тәркіленіп, сақталуда. Артымыздағы жиһаздардың тұрғанына көп болды. Қоймаға төлейтін ақшалары да жиналып қалған. Бірақ иелері өздерінің заттарынан бас тартып отыр. Көбісі соттың шешімі шыққаннан кейін орындамауға болады деп ойлайды. Қанша қарыз болса да заңды түрде орындаулары тиіс.  

Мұндағы жарамсыз болған кейбір заттардың көзі жойылса, қалғандары арзан бағамен сатылымға шығарылмақ.

Гүлбану Ахметова