Билік

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы

 

 

Соңғы уақытта мемлекеттік қызмет көрсету тақырыбы жиі айтылуда. Жай ғана көрсетіп қоймай, сапалы етуге баса мән беріліп жатыр. Бұл – Елбасы Жолдауында айқындалған 10 бағыттың біреуі. Осы орайда халық қалаулылары барлығы 7 бірдей мекеменің қызметін қарастырған. Қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Евгения Сальникова өзі басқарып отырған мекеменің жұмысы жайлы есеп берді.

Евгения Сальникова, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы:

– Біз қосалқы шаруашылықтың барын анықтайтын қағаз береміз. Ол тегін жазылады. Мәселен, ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы бұл қағазды 456 азамат алды. Ал,  ірі қара мен жылқыларға берілетін ветеринарлық паспорттың құны – 30 теңге.

Осы жерде депутат Жангелді Тәжин қаңғыбас иттер жайын көтерді. Өйткені, иесіз жүрген төбеттер тұрғындарды қауып жатады. Бұл түрлі аурулардың таралуына әкелуі мүмкін. Мәселе келесі арнайы отырыста жеке қаралатын болып шешілді. Жер қатынастары бөлімі 4 қызмет түрін көрсетсе, тек біреуі ғана электронды нұсқада жүзеге асырылады екен.
Депутаттар бұған дейін өткізген отырыста сәулет, құрылыс, білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің жұмысын қарастырып, қызмет барысын сапалы ету үшін бірқатар кеңестер берген.

Жасұлан Ахметов, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ қалалық мәслихаттағы депутаттық фракция төрағасы:

– Сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үшін амалдар қолдану керек. Мәселен, жұмыстың 60 пайызын ғаламторға жайғастыруды ұсындық. Өйткені, бұл мөлдірлікті қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Сондай-ақ, жиын барысында халық қалаулылары өздері тындырған жұмыс жайында да есеп берді.

Данаш Хамзина