Қоғам

«Егемен Қазақстанның» басшысы солтүстікқазақстандық оқырмандармен кездесті


 

Сауытбек Абдрахманов ең алдымен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ге ат басын тіреді. Мұнда өскелең ұрпақпен кездесіп, газеттің тарихы жайлы баяндап, басылымдағы айдарларға тоқталды. Жылдан жылға «Егемен Қазақстан» газетіне жазылатындардың қатары артып келеді дейді мейман. Бүгінде олардың саны 171 мыңға жеткен екен. Аға басылымның оқырмандары біздің өңірде де аз емес.

Сауытбек Әбдірахманов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті:
– Қазір «Егемен Қазақстан» газетін СҚО 7 мың адам жазылып алады. Егер бұл өңірде біздің қара көз ағайындардың саны 200 мыңның төңірегінде ғана екенін ескерсек, бұл өте жоғары көрсеткіш.   

Кездесуде БАҚ-тың қоғамда алатын орны жайлы да баяндалды. Жиылғандар елдің бас басылымының қоғамдық өмірдегі маңызы зор дейді.

Зарқын Тайшыбай, СҚМУ профессоры, ҚР құрметті журналисі:
– «Егемен Қазақстан» деген сөзіміз «қазақ» деген сөздің баламасындай қазір. Қазақстанның бірінші баспасөзі. Оны аға баспасөз дейміз. Бүкіл БАҚ-тың атасы дейміз. Сол атына лайық жұмыс істеп келе жатыр. Бүгінгі жиынымыз біздің университеттің шаңырағының астындағы тағы бір қызықты, маңызды шаруа болды деп есептеймін. 

Басылым басшысының әңгімесін ұйып тыңдағандар кейін өз сауалдарын жолдады.

«Европа мемлекеттері мен Азия мемлекеттерінде жүрген кездеріңізде біздің еліміз туралы, қазақ мемлекеті туралы, қазақ халқы туралы кімнің пікірі жақсы?  

Сауалға жауап берген мейман мемлекетіміздің әлемдегі даңқын Президентімізбен байланыстырды.

Сауытбек Әбдірахманов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті:
Нұрсұлтан Назарбаевтың бір ерекшелігі – қай елде болғанда да, қай елдің лидерімен кездескенде де ең алдымен Қазақстан басшысы ретінде емес, ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаев ретінде кездеседі, Нұрсұлтан Назарбаев ретінде келіссөз жүргізеді. Осы қасиеті біздің еліміздің сыртқы саясатына қатты көмектесіп отырады деп айтқым келеді.

Жиын соңында университет ұжымы Сауытбек Әбдірахмановқа құрметті профессордың мантиясын табыс етті. Ал мейман болса оқу ордасына «Зияткер» кітабын ұсынды. «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы сондай-ақ облыстық өлкетану мұражайындағы ҚР Тұңғыш Президенті залын аралады.

Сауытбек Әбдірахманов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті:
– Қалыптасқан дәстүр бойынша облыстарға шығып оқырмандармен кездесеміз. Жаңа тақырыптарға жолығамыз. Облыс басшыларымен жүздесу кезінде облыстағы реформалардың жүру барысымен танысамыз. Бүгін де солай болды. Облыс әкімі Серік Сұлтанғазыұлы Солтүстік Қазақстан жеріндегі өркенді өзгерістер туралы әңгімелеп берді.

Осыған дейін 11 өңірде болған «Егемен Қазақстан» газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов ендігі кезекте жұмыс сапарымен Қостанай және Ақмола облыстарына баруды көздеп отыр.

Айдана Демесінова