Қылмыс

Бескөлде сейф ұрлағандар қолға түсті

 

Қарашаның 27-сі Қызылжар аудандық ішкі істер бөліміне бір мекеменің сейфі жоғалғаны жөніндегі хабар түскен. Тонаушылар бір жарым миллион теңгені қолды етіпті. Кеңсеге пластикалық терезені бұзып кірген күдіктілерді күзетшілер де байқамай қалған. Оқиға орны екінші қабатта болғандықтан, бұл істі тындыру бір адамның қолынан келмес еді. Сондықтан ұрлықшының сыбайласы болды деген болжам жасалыпты. Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында ғимарат иесінің нұсқауымен орнатылған сыртқы бақылау камераларының септігі тиді. Көп ұзамай сезіктілер Петропавлдағы жалға алып тұрған пәтерлерінде қолға түсті. Ұсталғандар жасаған қылмысын толықтай мойындап отыр. Олардың біреуі осы мекемеде аз мерзім жұмыс істеген екен.

  Күдікті:
-Бескөл ауылындағы көшелердің бірінде келе жатқанбыз. үйіліп жатқан отынды көріп, сол жердегі балтаны алдық. Мекемеге келдік. Досым көтеріп мінгізді. Мен терезені сындырып ішке кірдім. Бухгалтерияның есігін сындырып, сейфті алып шықтым.

 Күдікті:

-Кейін біз мешіт жаққа бет алдық. Сейфті балтамен бұзып аштық. Ақшаны алған соң такси шақыртып, қалаға бардық. Онда көңіл көтеріп, қаржыны жұмсадық.

Күдіктілер бұрын да істі болған, екеуі де облыстық наркологиялық орталықта тіркеуде тұр.

Әлия Жүсіпова, Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі:

-Күдіктілер 1981 және 1984 жыл. Олар Бескөл ауылының тұрғындары болып шықты. Қазіргі кезде сезіктілер уақытша қамау абақтысында. Аталған фактімен ҚР ҚК 175 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

 

Айдана Демесінова