Құқық қорғау органдары

6 желтоқсан – ҚР прокуратурасының құрылған күні


 

Прокуратура органдарының 90 жылдық тарихы бар. Талай қилы кезеңді өткергенмен, бұл саланың басты міндеті өзгермеген. Ол – заңның сақталуын қадағалау.

Қуаныш Монолбаев, облыстық прокуратура қызметкері:
2012 жылдың өткен мерзімінде мемлекеттік органдарда 1081 тексеріс жүргізіліп, 25 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Оның негізінде 1709 прокурорлық акт толтырылды. 2761 тұлға жауапкершілікке тартылды.

Осының арқасында мемлекет қазынасы 310 млн теңгеге толыққан. Прокуратура органдары қызметінің маңыздылығын облыс әкімінің орынбасары Александр Чжен атап өтті.

Александр Чжен, СҚО облыс әкімінің орынбасары:
Сіздер еліміздегі саяси тұрақтылықты сақтауда өлшеусіз еңбек атқарасыздар. Облыс әкімінің атынан кәсіби мерекелеріңізде жұмыстарыңызға табыс, отбасылық бақыт, береке тілеймін.

Мереке күні саланың дамуына зор үлес қосқандардың омырауына «Прокуратура ардагері», «ҚР прокуратурасына – 20 жыл» медальдары тағылды. Сондай-ақ кластық шендер мен кезекті атақтар берілді. Тағы бірқатар қызметкерге алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табысталды. Олардың қатарында – Аққайың ауданының прокуроры Ерболат Ибраев та бар.

Ерболат Ибраев, Аққайың ауданының прокуроры:
Мен облыс әкімінің алғыс хатына ие болғаныма қуаныштымын. Осы салада 12 жыл қызмет атқарамын. Аққайың ауданында 4 жарым жыл жұмыс істеймін.

Салтанатты жиында қадағалаушы орган қызметкерлерінің балалары арасында өткен байқаудың жеңімпаздары белгілі болды. Оған 37 жас суретші қатысқан.

Әлішер Амангелдин:
Мен жол-жүру ережелерін көрсеттім өз суретімде. Папам ережелерді бұзбауға үйретеді.

Үздік атанған 3 жұмыс Астана қаласына жіберілмек.

Инеш Шоқақова