ТКШ

“Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр



 

Облыс орталығында бүгінде көпқабатты 1 мың 36 үй бар. “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту – 2020” мемлекеттік бағдарламасы іске қосылғалы бері 2 жылдың ішінде қалада 90-ға жуық нысан жаңартылыпты. Әлі 40 пайызын  жөндеу керек болып тұр дейді тұрғын үй инспекциясының бастығы Қанат Баймұхамбетов.

Қанат Баймұхамбетов, “Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі» МКМ бастығы:

– Тұрғындар жөндеу жүргізу үшін ауқымды қаражаттың қажет екенін жақсы түсініп отыр. Ал, бағдарлама өз кезегінде баспанаңызды кепілзатсыз және үстеме пайызсыз қалыпқа келтіруге мүмкіндік береді. Қазір шатыр ғана жөнделіп қоймай, жылу есептегіш құралдары орнатылады, кіре берістің терезелері ауыстырылып, ғимарат қабырғаларының арасы жылытылады.

Әуезов көшесі, 147 мекенжайындағы баспананың төбесін ауыстыру үшін 18 млн теңге қажет болыпты. Оның төлемін 83 пәтердің иесі 7 жылға бөліп алған. Яғни, әрбір отбасы айына шаршы метріне байланысты 1 мыңнан бастап 4 мың теңгеге дейін төлейді.

Нина Клишина, “Мейрам” ПИК төрайымы:

– Бұл – біздің кооперативтегі жөнделіп жатқан үшінші үй. Мұндағы шатыр өте күрделі. Өйткені, құрылысы дұрыс болмағандықтан, төбеден жиі су ағады. Сол себепті, өз қолымызбен дұрыстау мүмкін емес.

 Бұл баспана ескі, салынғалы 30 жыл өтіпті. Енді  мемлекеттің қолдауы мен тұрғындардың ауызбіршілігінің арқасында ортақ шаңырақ бір жаңарып қалатын болды.

Данаш Хамзина, тілші:

– Осындай үйдің шатырын жөндеу үшін шамамен 2-2,5 ай уақыт кетеді екен. Мұндағы жұмыстар қазан айында басталған, енді құрылысшылар, ауа райы қолайлы болса, желтоқсанның соңында аяқтауды жоспарлап отыр.

Келесі жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға 1 млрд теңге бөлінбек. Айта кету керек, аталған бағдарлама аясында алынған несиенің ақысын төлеу бойынша Солтүстік Қазақстан облысы республикада алдыңғы орында тұр екен. Мәселен, өткен жылғыдан 169 млн теңге қайтарылып, сол ақшаға биыл 9 баспана жөнделген.

Данаш Хамзина