Қоғам

«Ислам – бейбітшілік пен мейірімділік діні»

Экстремистік  ұйымдар өкілдерінің негізгі жаңылыстары, мұсылман еместердің арасындағы исламды ұғыну ерекшеліктері, ислам этикасы. Баяндамашылар негізінен осы тақырыптар төңірегінде ой өрбітті. ҚР ІІМ Ішкі әскері Әскери институтының қызметкері Сәуле Сүлейменова мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынас заңдылықтарын зерттепті. Соның негізінде ой түйген.

Сәуле Сүлейменова, ҚР ІІМ Ішкі әскері Әскери институтының қызметкері:
– Ханафи масхабында біздің діни сенімдерімізге, мәдениетке көңіл бөлінген.  Толерантты және біздің менталитетімізге сай. Заңда осы масхабқа үлкен рөл беру дұрыс айтылды деп ойлаймын.

Ал Рустам Садуев темір тордың ар жағындағы адамдардың психологиясын зерттейді. Қазіргі таңда ханафи масхабымен қатар вахаббизм сынды өзге ағымдар да бар. Бұл топтағылар ислам дінін жамылып, арам пиғылдарын жүзеге асырады. СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің теологы джамаат, такфир қозғалыстарына мән берді.

Рустам Садуев, СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің теологы:
– Теріс діни ағымдардың мақсаты бір – діндерді бөлу, мұсылмандар арасындағы бірлікті шайқалту.Мәселен, джамаат және такфир ағымдары исламның негізгі қағидаларының сақталуына аса мән береді. Құранда бөлінбеңдер деп айтылған. Осыны ұстануымыз тиіс деп ойлаймын.

Сондай-ақ жиында дінаралық келісіммен қатар мұсылман бірлестіктерінің өзара бірлігі жайлы сөз қозғалды. Бұл діни бірлестіктерді қайта тіркеу кезінде де қарастырылған. «Өйткені олар толықтай мұсылман діни басқармасына қарап, бір бағытта жұмыс атқарулары тиіс», – дейді имамдар. Өңірімізде 1 мұсылман бірлестігі қайта тіркеуден өтпеген. «Мұсылмандардың татар-башқұрт бірлестігі» атауын да өзгертіпті. Дегенмен әділет департаментінде қолдау таппай отыр.

Рафаиль Рязапов, «Дін-Мұхаммад» мешітінің имамы:
– Біздің мешіттің атауы дұрыс аударылмаған болып шықты. Өңірімізде 20 мыңға жуық татар, башқұрт ұлтының өкілдері тұрады. Бірақ мешітімізге барша мұсылмандар келеді. Ұлтқа бөлінбейміз.

Яғни, “мешітіміздің есігі қазақтар, өзбектер, татарлар мен башқұрттардың бәріне ашық”,- дейді ол.

 

Инеш Шоқақова