Қайырымдылық

Бизнесті дамыту үшін гранттар берілді


 

“Жұлдыздарға қара” атты байқаудың екінші айналымында жеңіске жеткен солтүстікзақастандықтардың саны төртеу. Байқау шарты бойынша олардың әрқайсысы өздерінің бизнес-жоспарларын ұсынған. Бірінші топтағы мүгедек Марат Нүркин халыққа компьютерлік қызмет көрсетуді көздепті. Оған қажетті принтер мен ноутбукке ол, жеңіп алған гранты арқылы қол жеткізді.

Марат Нүркин, 1 топтағы мүгедек:

-Шынымды айтсам, бұлай болатынына сенбеп едім. Қолдау танытқандарына алғысым шексіз.

Грант көлемі 100 мың теңге. Байқауды ұйымдастырушылар жеңімпаз атанған өтініш иелерінің бизнес  жоспарларын қарай келе, оларға қажетті құрал жабдықтарын сол сомаға шақтап алып беріпті. Біріне іс тігу машинасы табысталса, екіншісі техникалық қызмет көрсету станциясы үшін таптырмас саймандарға қол жеткізді. Ал үшіншісі жүк тасымалымен айналысатындықтан, көлігіне қажетті жаңа дөңгелектер алды.

Талғат Сұлтанғазин, “ҚазКоммерцБанк” АҚ Петропавл филиалы директорының орынбасары:

– Мақсатымыз қолынан іс келетін, қоғамға тигізер пайдасы бар  мүмкіндіктері шектеулі жандарға қол ұшын беру. Ертеңгі күні олардың көмегін өзгелер көріп жатса, нұр үстіне нұр болары хақ. Сол арқылы бұл жандар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екендігін сезіне алады.

Байқаудың бірінші және екінші кезеңдеріне қатысу үшін еліміз бойынша ниет білдірген, қолынан іс келетін мүгедектер саны – 128. Олардың 16-ның бизнес-жоспарлары үздік деп танылған. Соның төртеуі біздің жерлестеріміз. Өз ісін дөңгелетуді мақсат еткендерге  – ақ жол.

Самат Есмағи