Қылмыс

Ұрылар ұсталды

 

 

Ұрылар қазан айынан бастап Есіл ауданы Покровка селосындағы сатушылардың әбден мазасын алған. Олар бастапқыда дүкендердің бірінен 12 мың теңгені қолды етіпті. Сатушы олардың сұраған тауарын әкелуге кетеді. Осы сәтті пайдаланып жігіт кассадағы қаражатты жымқырған.

– Бокалдарды алып келіп, «Жарай ма?»- десем, ол  «Жоқ, қазір әйелімнен сұрайын» деп тұра жүгірді. Мен кассаны ашсам, ақша жоқ.  

Бұдан соң сатушы бірден полицияға хабар берген. Осылайша, оқиғадан өзге дүкендердің сатушылары да хабардар болды. Бұған қарамастан, ұрылардың тағы “жолы болды”. Олардың біреуі сатушының назарын аударған кезде, сыбайласы сөмкені қолды еткен. Сатушы полицейлермен бірге баукеспенің ізіне түсіпті. Бірнеше минуттан соң ер адам мен оның құрбысы Покровка селосының маңындағы дәмханалардың бірінде табылды. Олар олжаны бірден жұмсамақ болған.

Данияр Қасымов, Есіл аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары:
Күдіктілерді аудандық ішкі істер бөлімінің жедел тобы ұстады. Олар сатушыларды алдап, біраз қаражатты жымқырмақ болған. Бірақ уақытында қылмыстың жолы кесілді.

Тергеу барысында күдіктілердың үшеу екені анықталды. Олардың тектерін айғақтайтын құжаттары болмай шықты. Айтуларына қарағанда, Қостанай қаласының тұрғындары. Бірақ бұл мәлімет те расталмады. Күдіктілер тұрғылықты мекен-жайы жоқтарға арналған қабылдау-тарату мекемесіне жеткізілген.

Инеш Шоқақова