ТКШ

Облыс орталығы қардан тазартылуда

 

 

Қылышын сүйретіп келген қыс – қарға сараң болмайтынын алғашқы күндерден-ақ танытты. Желтоқсанның алғашқы аптасы ғана, дей тұра жауын-шашын айлық мөлшерден артық түсіпті. Сондықтан коммуналдық қызметтердің бел жазуға мұршасы жоқ. Қызу қарбалыс үстінде.

 Гали Әбдірашев, Петропавл қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы:
– Қала көшелерінен 52 мың текше метр қар шығарылды. Қар шығару және механикаландырылған тазарту жұмыстарымен 6 кәсіпорын айналысады. Механикаландырылған тазарту кешкі 10-нан таңғы 4-ке дейін жүргізіледі. Қардың көп түсуіне байланысты осы жұмыстар күндіз де жүргізіледі.  

Барлығы қауырт маусымға 150 техника сақадай сай. Күн сайын қар құрсауында қалған көшелерді аршуға 70-ке тарта арнайы көлік нысандары мен 200-ге тарта адам күші жұмылдырылады. Виктор Ковырзиннің күрекпен қаруланып, қалың қармен күресіп жүргеніне 1,5 жыл болыпты.

 Виктор Ковырзин, «Коммунхоз» МКК қызметкері:
– Былтырғы қыстың басымен салыстырғанда қар әлдеқайда көбірек түсті. Бір жұмадан асты таңғы сегізден, күн батқанша қармен алысып әлекпіз. Негізінен тротуарларды тазартамыз. Жұмыс бастан асады. Бұл істі де біреу атқару керек қой.  

Жаяу жүргіншілер  және автомобиль жолдары тазартылып қана қоймай, көктайғаққа қарсы тұз бен құм қоспасы себіледі. Бүгінге дейін тайғанақ жолдарға бұл материалдың 630 текше метрі шашылған. Облыс орталығының тұрғыны Рахия Әубәкірова коммуналдық қызметтің жұмысына оң баға беріп отыр.

Рахия Әубәкірова:
– Қар түсісімен тазалап тұрады. Жүруге ыңғайлы. Таңертең шыққанда тазалап жатқан түске дейін тап-таза болды.   

Қар тазалаушылардың жұмысына жол жиектерінде қалдырылатын көліктер тұсау болып тұр. Маңызды шаруаға кедергі келмес үшін коммуналдық қызметтің мамандары жүргізушілерді темір тұлпарларын жол бойында ұзақ уақытқа тастамауын сұрайды.

Жеңіс Ермұқанов