Билік

2017 жылғы қысқы Универсиадаға дайындық басталды



 

Халықаралық универсиада ұйымдастыру – елімізде олимпияда өткізуге жол ашады деді Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов. 2017 жылы Алматыда жалауын көтеретін студенттер арасындағы халықаралық универсиадада қысқы спорттың 8 түрі қамтылмақ. Дүбірлі додаға шет мемлекеттерден келетін спортшылардың қарасы қалың, сондықтан оңтүстік астанада қосымша мұз айдындары мен мұз сарайын салу жоспарланған. Еліміздің құрамасы 1993 жылы жасақталған. Бүгінде олардың қоржынында 28 медаль болса, соның 11-і алтын. Оны елімізде өтетін додада еселеу мүмкіндігі туып отыр. Ол үшін қысқы спорт түрлерін дамыту қажет. Еліміздегі 20 мыңнан астам спорттық нысандардың тек 500-де ғана қысқы спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Солардың бірі біздің облысымызда. Онда шаңғы, шорт-трек, хоккей жақсы жолға қойылған. Осыларды тілге тиек еткен Білім және ғылым министрі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту керек деді. Бұл өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырары сөзсіз. Серік Ахметов арқаны кеңге салмай, 2017 жылғы додаға әзірлікті бүгіннен қолға алу керектігін тапсырды. Астанамен болған байланыс аяқталысымен күн тәртібінде қаралған мәселе өзімізде талқыға салынды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов пен спорт басқармасының бастығы Руслан Есеналинге 2017 жылы өтетін универсиадаға қатысатын адамдардың тізімін әзірлеп, оларды сайысқа бүгіннен бастап дайындауды міндеттеймін. Барлық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің материалдық-техникалық базаларының жай-күйін саралаңыздар.

Қысқы спорт түрінен балаларды даярлайтын бірден-бір мекеме – олимпиадалық резервтегі спорт мектебі. Оның қазіргі жағдайы туралы жиынға қатысушыларды спорт басқармасының бастығы құлағдар етті.

Руслан Есеналин, дене шынықтыру, туризм және спорт басқармасының бастығы:

-Олимпиадалық резервтегі спорт мектебінде қысқы спорттың 12 түрі емес, бізде қол жетімді төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Ол шаңғы, биатлон, шорт-трек, коньки спорттары. Ал қалғандарын жүзеге асыру үшін жабық спорттық нысан қажет.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы мұны келер жылдың бюджетіне енгізу қажеттігін айтты.

Самат Есмағи