Қоғам

Желтоқсанның 1-і – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні

 

 

 

  Жеңіс Ермұқанов,  тілші:

Қазақ елі егемендігін жариялаған сәтте бөркін көкке атпаған адам кем де кем. Ақ түйенің қарны жарылған күні Тұңғыш Президентіміз сайланды. Нұрсұлтан Назарбаев   ел үмітін ақтады. Дара саясатымен халық сенімін ақтап келе жатқан кемеңгер көшбасшымыз әлі талай табыстарға жетелері сөзсіз. Осыны қалайтын Петропавл мен қала қонақтары Елбасын ұлықтауға орталық алаңға бір адамдай жиналды.  

Ел көлемінде алғаш рет аталып жатқан Тұңғыш Президент күнін солтүстікқазақстандықтар да бар салтанатымен қарсы алды. Ашық аспан астында сахна құрылды. Сынап бағанасы 25 градус суықты көрсетіп тұр. Қақаған аяз шаттыққа толы мерекенің шырқын бұзбады. Жүздері бал- бұл жанған жерлестеріміздің көңілдері көтеріңкі. Өнер саңлақтарының әсем әндерін бірге қосыла шырқап, биге басты.  Алаш жұрттының аңсағаны келді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тәуелсіз қазақ елі тұғыры биік, босағасы берік еңселі мемлекетке айналды. Жас та болсақ өзгені таңдай қақтырып тамсандырған елміз. Бірегейлігімізді еріксіз мойындатып, шекарамыздың ар жағындағыларға үлгі боларлық республикаға айналдық. Бұл көреген ұлт көшбасшымыздың салиқалы саясатының жемісі.

 Тұяқ Рақышев, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ бөлім бастығы:
– Астанада “ЭКСПО-17” халықаралық байқауының өтетіні елімізді тағы бір әлемге танытатыны сөзсіз. Мен Петропавл ауыр машина жасау зауытының қызметкерлері атынанТұңғыш Президент күнімен құттықтаймын. Елбасы әлі талай жетістіктерге әкелетініне кәміл сенімдімін.  

Елбасы жыл сайынғы халыққа арналған жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға басымдық береді. Жылдың бас құжаты әрбір отандасымызға тікелей қатысты. Әрине Қазақстанның гүлденуіне сүбелі үлесін қосқан құрметті демалыстағы жандар назарсыз қалмайды.

 Ақтай Кәкенов,  ҰОС ардагері:
– Соңғы жылдары Қазақстанның жағдайы қай жағынан қарамасақ та түбегейлі өзгерді. Соңғы 10 жылдың ішінде ғана зенетақы үш есеге өсті. Бұл Елбасының бізге деген қолдауы.  

Тілі жоқтың ұлты жоқ. Мемлекет басшысының келуімен ұмыт бола бастаған қазақ тіліне жан бітті.

Тәуелсіздік алғанда Петропавл қаласында Елбасының қолдауымен алғаш болып №6 қазақ орта мектебі ашылды. Қара шаңырақ бүгінде ел игілігіне жарар білімді ұрпақ тәрбиелейді.
Мен бастауыш сынып оқытушысы болғандықтан білім саласына бөлінетін қолдауды көріп жүрмін. Әсіресе қазақ тіліне деген. Президент күнімен баршамызды құттықтаймын.  

Елбасы білімді де жігерлі азамат тәрбиелеуге аса мән береді. Мұны оқушылар мен студенттер жақсы сезінуде.

Біз еліміздің тірегіміз. Сондықтан бізді оқытуға үлкен күш жұмсалады. Мектебіміз интерактивті тақталармен, электронды оқу құралдармен жабдықталған. Бұл біздің сапалы білім алуымыз үшін керек.
Мен мемлекеттің қолдауымен грантта тегін оқыдым. Енді мамандығым бойынша елдің гүлденуіне еңбек етіп жатырмын.  

Қоғаммен біте қайнасқан белсенді жастар думанды күні ерекше акция ұйымдастырды.

 Айзада Рахметова,  “Жас Отан” ЖҚ белсендісі:
– Біз шарларға адамдардың игі тілектерін жазып жинап жүрміз. Кейін оларды ұшырамыз. Бұл шарлар Президенттің символы сияқты. Биікке ұшып, үлкен белестерді бағындырады.  

Көптің көз алдындағы толағай жетістіктер мен ізгі тілектер тізілген шарлар бейбіт аспанға жіберіліп биікке қалықтады. Еліміздің басты құндылығы бірлігі жарасқан халық. Түрлі ұлт өкілдерінің достығын жарастырып бір шаңырақ астына жию – көреген саясаттың нәтижесі. Мемлекет басшысы тілдің үш тұғырлы саясатына да үлкен мән береді. Нұрсұлтан Назарбаев өзге тілдің бәрін біліп, өз тіліңді құрметтеуге шақырады.

Мен Қазақстанда туып, еліммен бірге өсіп жетілгеніме қуанамын. Ата жұртым алыста болса да, ана тілімді, салтымды дәріптеуге мүмкіндік жасалған.
Қай ұлт болмасын бәріміз қазақстандықпыз. Ендеше мақсатымыз бір. Еліміздің дамуына бір ананың балаларындай жұмылу. Елбасы ұйытқы болған осы татулықтан ешкім айыра көрмесін.  

Осылайша солтүстікқазақстандықтар жарқын болашақты Тұңғыш Президентпен бірге қалауға қашан да дайын екендіктерін тағы бір танытты.

 Самат Есмағи, тілші:

-Бүгінгі мейрам Елбасы үшін ғана емес, ел үшін де маңызды. Себебі бұл  күн алаш баласының тұңғыш Президентін сайлаған күні. Алмағайып заманда өзгеге ұстатқан тізгінді өз қолымызға қайта алған күн.Ел тағдырын Елбасына сеніп тапсырған күн.

Мерекеден әскери қызметшілер де сырт қалмады. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте салтанатты сап түзелді. Жиын барысында еліміздегі қарулы күштердің бүгінгі бет алысы сараланып, бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі әскерлерге қойған талап-тілектерінің орындалу барысы сараланды.

Сағындық Сүлейменов, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары: Биыл Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің құрылғанына 20 жыл. Бас қолбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан бүгінгі мерекенің біз үшін орны бөлек. Жыл санап материалдық- техникалық базамыз дамып, жаңа белестерге көтерілу үстіндеміз.

Салтанатты шара барысында бірқатар қызметкерлерге әскери шен табысталды. Құрметке бөлінгендердің жалпы саны 12. Олардың тоғызы запастағы офицерлер болса, үшеуі аталмыш салада еңбек етіп жатқандар. Солардың бірі  – Қызылжар аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бөлім бастығы Нұрлан Әубәкіров.

Нұрлан Әубәкіров, Қызылжар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы:

Бүгін маған кезекті әскери атақ , майор шені табыс етілді. Елбасына, департамент басшылығына алғысымды білдіремін. Мереке құтты болсын.

Мерекелік сапқа тұрған әскерилер қатарында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанатын болашақ сарбаздар да бар. Оларға департамент басшылығы сәттілік тілеп, естелік сыйлықтар табыстады. Бозбалалар міндеттерін абыроймен атқаруға серт берді.

Ұлан Ақыпов, болашақ сарбаз:

-Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір ер азаматтың міндеті. Әскер қатарына Тұңғыш Президент күні мерекесінде аттанатыныма қуаныштымын. Барша солтүстікқазақстандықтарды бүгінгі мейрамдарымен құттықтаймын.

Әскер – елдің айбыны. Қарулы күштердің міндеті – ел тыныштығын күзету. Ал ондағы темірдей тәртіпке бой үйрету ешкімге артық етпесі анық.

«Дені сау ұлттың – болашағы берік». Тұңғыш Президент күнінде облыста қысқы спорт маусымы   салтанатты түрде ашылды.

 

Мереке күні барша спорт сүйер қауым «Қарасай» стадионында жиылды. Елбасы барша қазақстандыққа әлеуметтік жағдайы мен жасына қарамастан, спортпен шұғылдануға жағдай жасалынуы тиіс деген болатын. Бұл міндет өңірде орындалуда. Қазіргі таңда 140 мыңнан астам жерлесіміз бұқаралық спортпен шұғылданады. Салауатты өмір салтын ұстанған жұртшылықты облыс әкімі мерекемен құттықтады.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасының есімі барша қазақстандықтардың жеңісі және жетістіктерімен байланысты. Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын. Еліміздің гүлдену жолында жаңа жетістіктерге жете берейік.  

Шаңғы, коньки тебу мен хоккей ойынында солтүстікқазақстандықтар да алдына жан салмақ емес. Мұны мұз айдынына шыққан жеткіншектер дәлелдеп отыр. 40-тан астам жерлес спортшы қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаға енген. Бұл – үлкен нәтиже. Мәселен, Марина Вострикова – шаңғы жарысы мен биатлон бойынша ел чемпионатының жүлдегері, спорт шебері. Ол өз жетістіктерін еліміздегі спортты дамытуға деген оң көзқарас пен қолдаудың арқасы деп біледі.

 Марина Вострикова, шаңғы жарысы мен биатлон бойынша ел чемпионатының жүлдегері, спорт шебері:
– Мен шаңғы спортымен 12 жыл бойы айналысамын. Әрдайым мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Біз өз жетістіктеріміз бен жеңістерімізді Елбасымызға арнаймыз. Ол әр саланың дамуына ерекше көңіл бөледі. Біз бұл қолдауды сезінеміз.  

Өзінің болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар да жетерлік. Өңірде ересектердің «Авангард» және жасөспірімдердің «Бүркіт» хоккей командасы бар. Дидар Бекішов осы құраманың мүшесі екендігін мақтан етеді.

Дидар Бекішов, «Бүркіт» хоккей командасының мүшесі:
Біз күн сайын дайындаламыз, жаттығамыз. Хоккей қатты ұнайды. Осы командада болғаныма қуаныштымын.  

Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған додаға көрші Ресей елінің спортшылары да қатысты. Петропавлдықтар мен қала қонақтарын Сібір мемлекеттік дене шынықтыру және спорт университетінің студенттері мәнерлеп сырғанау өнерімен қуантты. Мұз үстінде әсем қимылдай білетін бірқатар қазақстандық спортшылардың өнеріне тәнтіміз дейді Евгений Хромов.

Евгений Хромов, Сібір мемлекеттік дене шынықтыру және спорт университетінің студенті, РФ:
Сіздерде Тұңғыш Президент күні мерекесі енгізіліп отыр. Әрине, бұл көшбасшыларыңыздың жүргізетін саясатын халық қолдауының белгісі. Барша қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтаймын. Елдеріңіз дамып, гүлдене берсін!

Белсенді дем алуға ниет танытатын жерлестеріміздің қатары жыл санап артып келеді.

Серік Жарасбаев, СҚО туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы бастығының орынбасары:
Қазіргі таңда облысымызда 130 мұз айдыны мен шаңғы жолдары ашылды. Елді мекендерде де спорттың дамуына көңіл бөлінеді. Әсіресе, конькимен сырғанау спорты дамып келеді.  

Ауа райының суықтығына қарамастан, жұртшылықтың көңіл күйі көтеріңкі. Оларды өз әндерімен шығармашылық ұжымдар баурап әкетті.

 Жеңіс Ермұқанов, Самат Есмағи, Инеш Шоқақова