Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тұңғыш Президент күніне орай облыс активінің салтанатты жиыны өтті

 

 

20 жыл бұрын тәуелсіздік оты маздап жанғанда жас балаша еңбектеген Қазақстан бүгінде аяғына берік тұрған еңселі ордаға айналды. Бай да қуатты еліміз егемендіктің үшінші онжылдығына нық қадам басты. Осы жылдары ел тағдыры шешілген толағай табыстар  Нұрсұлтан Назарбаевтың  көреген саясатының нәтижесі екені даусыз.

Cерік Біләлов, СҚО әкімі:
– Тәуелсіздік жылдары республикада саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Қазақстан егемен және демократиялық мемлекет ретінде әлемге танылды. Ел Президенті адам құқығы мен бостандығының символы болып табылды. Сіздерді мемлекет тарихының мерейлі күнімен құттықтаймын. Қазақстан гүлдену жолында ұлы жеңістерге жете берсін.

Таңдаулары бір жерден тоғысқан тілегі бір көптің қалауы жарқын болашақтың іргесін тұңғыш Президентпен бірге салу. Ел үмітін ақтаған, халық сенімін сақтаған кемеңгер ұлт көшбасшысының игі бастамаларын солтүстікқазақстандықтар іліп әкетіп сәтті жүзеге асыруда. Салтанатты шарада бір мүддеге ұйып, ел игілігіне жарап жүрген жерлестеріміз облыс әкімінің марапаттарына ие болды. Өңір жетекшісінің құрмет грамотасының бірі Қызылжар ауданындағы Боголюбово орта мектебінің директоры Ғайни Тінәлиноваға табысталды.

Ғайни Тінәлинова, Боголюбово орта мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:
Мектебіміз шағын болғанымен 6 интерактивті тақта, мультимедиялық кабинет бар. Биылғы 8 түлегіміз ҰБТ жақсы тапсырды. 4-уі мемлекеттік грант алды. Екеуі медициналық академияға түсті. Бұл жетістіктер Елбасының салиқалы саясатының арқасы.

Елдің саяси-экономикалық дамуы ауылшаруашылығы әлеуетінің жандануына жол ашты. Қайыр Мәліков  – Ақжар ауданының бас ветеринары. Табысты жұмыс жасаған мал дәрігерінің еңбегі де жоғары бағаланды.

Қайыр Мәліков, Ақжар аудандық “Ветеринарлық станция ” МКҚК директоры:
– Былтыр ветеринарлық қызметтің жұмысына 144 млн теңге бөлінді. Биыл одан үш есе артық беріледі деп естідім. Материалдық-техникалық жағдайымыз жақсы. Дәрі себетін арнайы құрылғылар мен көлігіміз бар. Мемлекеттің қолдауы күшті.

Бұл күні көпбалалы аналар да ерекше құрметке бөленіп, алтын және күміс алқа тағынып қайтты. Зәуреш Бақтыбаева 8 баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай елжанды етіп өсірген ана.

Зәуреш Бақтыбаева, көпбалалы ана:
– Үлкендері жоғары білім алып, елімізге қызмет етіп жатыр. Ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырып, екі немере сүйдім. Кейінгілері мектептерінде үздік оқып үлгілі оқушылар қатарында. Осындай бақытты сәттерге жетуде мемлекеттің қолдауы көп болды.

Тәуелсіздікпен қатар өсіп-өніп келетін жастар да Елбасының игі істеріне куә болып жүр. Жиында сөз алғандар бірауыздан барша қазақстандықтардың бірлігін жарастыра алған Елбасының көрегендігінің арқасында болашаққа сеніммен қарайтындықтарын жеткізді. Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты шара мерекелік ән-шашуға ұласты.

Жеңіс Ермұқанов