Қоғам

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы Елбасына арналған зал



 

Зал іші кең. 6 бөлімнен тұрады. Олардың әрбіреуінде Елбасының өмірі кезең-кезеңімен сипатталған. Төрде Нұрсұлтан Назарбаевтың алып суреті ілінсе, ортада Қазақстанның нышаны – Бәйтеректің биік үлгісі тұр. Оның төбесінде көгілдір аспан бейнеленіпті. Бөлменің бергі жағы Нұрсұлтан Әбішұлының бабасы Қарасай батырдан басталса, соңы дәл бүгінге дейінгі өмір парақтары, Солтүстік Қазақстанға жасаған сапары баяндалады. Мұндай тамаша зал Серік Біләловтың бастамасымен ҚР Тұңғыш Президенті күніне арнайы жасалып отыр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Келер жылы ҚР Тұңғыш Президентінің жеке мұражайын ашуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін қазір ғимарат жағын қарастырудамыз. Дайындық жұмыстарын ойластырамыз.

Мұнда Нұрсұлтан Назарбаетвың отбасы жайлы мәліметтер де бар. Әкесі Әбіш пен анасы Әлжан. Өзі төрт баланың ең үлкені болыпты. Бала жасынан алғырлығымен танылған. Оған – Шамалған орта мектебіндегі 7-сыныпты аяқтағандағы куәлігі дәлел. Өзгелерінікі “3” пен “4” болса, жалғыз Елбасыныкі кілең “5”. Астында мінез-құлқы өте жақсы деп жазылыпты. 1960 жылы Украинадағы Техникалық училещеде оқыған кезде Мақтау қағазын алған. Президент сол уақыттан бастап қоғамдық жұмысқа белсене араласқан көрінеді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов өз тарапынан залға тамаша деген баға беріп, жалпы, Елбасының өткен өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі деді.

Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бұл облыс халқы үшін, әсіресе, оқушыларға тәлім-тәрбиесі мол жер деп ойлаймын. Жастарымыз осында келіп, Президентіміздің қандай еңбекпен бүгінге қалай жеткенін көрулеріне болады.

Бұл көрме залын өңірдегі талай мұражайдың дизайнын ойластырған алматылық “Дара” фирмасының тәжірибелі мамандары безендірген екен.

Алмаз Жансүгіров,”Дара” фирмасының жетекшісі:

– Елбасы атқарған ауқымды іс – Астананың ауыстырылуы. Елорданың сол жақ жағалауының суретін толық панорама ретінде беріп отырмыз. Және Бәйтеректің 1:35 масштабта макетін жасадық.

Сондай-ақ, көрмеге “Солтүстікқазақстандықтар – Елбасының сенімді тірегі” атты үлкен кітап қойылыпты. Мұнда Елбасының 1991-2012 жылдар аралығындағы Қызылжар өңіріне сапарлары жазылған.

Данаш Хамзина