Бизнес және экономика

“ҚазТрансОйл” АҚ акцияларына жазылу аяқталып келеді



 

Жаңагүл апайды “Қазпоштаның” ішінде кездестірдік. Қызылжар ауданындағы Рассвет ауылының тұрғыны акционер атанғысы келеді екен. Банкте жай жатқан азын-аулақ ақшамды өнімді іске кірістіруді жөн көріп отырмын дейді.

Жаңагүл Пірманова, Рассвет ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

-Банкке салған ақшамның өсім пайызы төмендепті. Енді, одан қаражатымды  қайырып алдым да IPO-ға салдым. Бағымды сынап көрейін. IPO-ға сеніп отырмын.

Жаңагүл Пірманова “ҚазТрансОйл” акцияларының 100 данасын алмақшы. Азаматтар үлестерінің нәтижелері жыл соңына дейін немесе кәсіпорын жылдық қорытындысын шығарғанда белгілі болмақ. Ол үшін сәл күте тұру қажет.

Күлкен Жарқынбаева, “Қазпошта” АҚ СҚОФ бөлім бастығы:

– Тұрғындар “ҚазТранОйл” АҚ өз акцияларының бағасын өсірген жағдайда айырмашылық есебінен пайда көреді. Екіншіден, аталған кәсіпорын жылдық есебін бергеннен кейін таза табыс болса, дивиденд төлей бастайды.

Әрине, бұл – тәуекелді іс. Сол себепті тұрғындар оның оң мен терісін таразылап барып, шешім қабылдағандары жөн. Оның қандай да болсын пайдасы бар екендерін де ұмытпаңыздар. Табыс пайызы жылдық есеп барысында белгілі болады. Әзірге, “ҚазТранОйлдың” акцияларын 172 солтүстікқазақстандық иеленіпті. Белсенділік танытып жатқандар – қала тұрғындары, Айыртау, Ақжар және Ғ.Мүсірепов аудандарының азаматтары дейді “Қазпошта” қызметкерлері. “Қазпошта” АҚ акцияларды сату бойынша алдағы демалыс күндері де жұмыс істейтін болады.

Данаш Хамзина