ТКШ

Энергетиктер қатаң шаралар қолдануда

 

 

Энергетиктер осындай қатаң шара қолдануға мәжбүр болып отыр. Өйткені бүгінде тұтынушылардың жалпы қарызы 143 млн теңгеден асып жығылады. Есесіне олар берешекті беруге асықпайтын көрінеді. Пәтер иелері ажыратылған сымды өздері қосып алады екен.

Мағауия Сағандықов, «Севказэнергосбыт» ЖШС директоры:

-Қарашаның 28-не дейін жүргізілген рейдтік шаралар барысында 136 пәтерді тексеріп, 87-н жарықтан қайта қидық. Мәселен, Мүсірепов көшесі, 9А мекен жайындағы үйдің қарызы 365 мыңнан асса, ал Жуков көшесі, 11-ші үйдегі 73-ші пәтердің борышы 470 мыңға жетті.

Алтынсарин көшесі, 339 мекен жайындағы 89-шы пәтердің иелері жарық пен жылуға ақы төлемегеніне бақандай 4 жыл болыпты. Олардың қарызы – 200 мың теңгеден асады. Қазір де келісімге келмей, қашқақтап жүр. Энергетиктер Сәдуқасовтар пәтеріне тиесілі электр сымдарының тоғысқан қорапшасын, тіпті, пісіріп кетті. Дәл осындай амал Ғ.Мүсірепов көшесі, 13А үйіндегі 99-шы пәтер қожайындарына да  қолданылды. Себебі  олардың борышы – 339 мың теңге. Қалада жауапсыз тұтынушылардың саны 300 деп отыр мамандар. Дегенмен, қарызгерлердің бірі есігін, әйтеуір, ашты-ау. Монополистерге 170 мың теңге берешек азаматша желтоқсан айында алатын жолдасы мен қызының жалақысынан төлеймін деп жауап берді. Бірақ, бұл уәденің қаншалықты орындалатынын уақыт көрсетеді.
Мұндай шараларды кәсіпорын өкілдері мен сот орындаушылары аптасына 3 реттен өткізіп тұрады. Облыстық сот актілерін орындау департаментінде бүгінде 54 млн теңгенің 1 мың 200 ісі жатыр.

Юлия Башкатова, СҚО сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы:

– Біз қарыздың орнына борышкерлерден 1 плазмалық теледидар, 2 компьютер және 1 қысқа толқынды пеш өндіріп алдық. Солай бола тұра, олар берешекті бергісі келмейді. Енді, бұл мүліктерді саудаға қоямыз.

Сондай-ақ, борышы көп  жеке үйлер орталық жылу жүйесінен алынып тасталынбақ.

Данаш Хамзина