Құқық қорғау органдары

Қаржы полицейлері заңсыз алкоголь өнімдерін тәркіледі

 

 

 

Оңай жолмен ақша табуды көздейтіндер саны азаяр емес. Қаржы полицейлерінің бейнематериалынан алкаголь өнімдеріне лық толы қойманы байқауға болады. Жалпы саны 197 мың 149 шөлмек арақ. Жасырын жолмен дайындалған ащы судың сапасында күмән жоқ. Оны сараптама дәлелдеді. Алайда бөтелкелердің жапсырмалары қолдан жасалған.

 Нұрлан Жахин, СҚО бойынша экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы:
– Акцизделетін тауарларды акциз  маркаларымен немесе есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалаудың тәртібі мен ережелерін бұзу, акциздік маркаларды есепке алу-бақылау маркаларын қолдан жасау және пайдалану бойынша ҚР ҚК 208 бабы 2 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.  

60 млн теңгенің контрабандалық тауары жалған құжатты. Мәселен, заңды түрде арақтың бір литрін нарықта өткізуге 200 теңгенің акциз маркасын алу қажет. Алайда айлакер кәсіпкер оны айналып өтіп, ел қазынасына 1,5 млн теңгенің салығын төлеуден жалтармақ болған. Бірақ ойы іске аспады, өнім толығымен тәркіленді.

 Нұрлан Жахин, СҚО бойынша экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы:
– Тергеу барысында аталған алкагольдік өнім “Континентал Шымкент” ЖШС-не “Альфа-Ақтөбе” ЖШС -нен теміржол арқылы жеткізілген. Табылған барлық жалған есепке алу маркалары жапсырылған алкагольдік өнімдер Ақтөбе қаласындағы “Геом” ЖШС зауытында әзірленіпті.

Серіктестік башысының үстінен ақтөбелік қаржы полицейлері қылмыстық іс қозғады. Көлеңкелі кәсіптеріне Қостанай және Қызылорданың қаржы сақшылары тоқтау салған. Енді міне олардың СҚО-дағы әріптестері де жаңа дәйектер жіберіпті. Заңға қайшы әрекеттері ашылып шығынға ұшыраған кәсіпкер, тауарларынан айырылып қана қоймай әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 500-1000 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүрленді. Жалған өнімнің көзі құртылады. Алайда сот үкімін күту керек.

Жеңіс Ермұқанов