Балалар

Петропавлда жас техниктер мен өнертапқыштардың облыстық форумы өтті

 

 

Оқушылар ауыл шаруашылығы, қорғаныс техникасы, энергиялық кешен, су мен әуе көліктері, ақпараттық және нанотехнология, ғарышты меңгеру тақырыптарында түрлі үлгілер ұсынды. Әрбір қатысушы өз қолымен жасаған модельдің сызбасымен қалай жұмыс істейтінін қазылар алқасына түсіндіріп берді. Қалалық қазақ мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Әділ Сатывалдиев «Планета хот» деп аталатын құмды және батпақты жерді зерттеуге арналған техника мен ойыншық құлтемірді құрастырыпты. Жас техник аталған жобасы ғалымдардың жұмысын біршама жеңілдетеді дейді.

Әділ Сатывалдиев, оқушы:
– Бұл жасаған жұмысыма үш ай кетті. Бұл бір атмосферада жүру үшін арналған.  

Ал Иван Ковальчуктың “катамаран” техникасы судың ішінде зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған. Оқушы жұмысы қазылар алқасының қызығушылығын тудырды.

Иван Ковальчук, оқушы:
– Катамаранның ішінде отырып, су астын толықтай зерттеуге барлық жағдай бар. Оны істеуге шыны және металлды пайдаландым. Бұл – арнайы пультпен басқарылады.  

Жас техниктердің форумына 30 оқушы қатысты. Бұған дейін шара мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында бірге өткізіліп келсе, енді биылдан бастап ұйымдастырушылар байқауды бөліп жүргізбекші. Өйткені мұндай форумға қатысамын дегендердің қатары жыл санап артуда.

Александр Надточий, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының әдіскері:
– Біздің мақсатымыз – балалардың техникалық жұмыстарға қызығушылығын арттырып, бұл істі әрі қарай дамыту. Форум бүгін жалпы білім беретін мектеп оқушыларының арасында ұйымдастырылып отыр. Ал, ертең колледж студенттері қатысады.  

Жас техниктердің арасында үздік деп танылғандар республикалық байқауға жолдама алады.

Гүлбану Ахметова