Бизнес және экономика

Петропавлда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылады



 

Кездесуге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының және 2-ші деңгейлі банктердің өкілдері келіп отыр. Қолдарына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына енгізілген өзгертулер мен толықтырулары бар құжат ұстаған олар өзара пікір алмасуда. Өндірістік секторды қолдауға бағытталған жоба 2010 жылдан жүзеге асырылып келеді. Бүгінде құжат үшінші рет жаңғыртылып отыр.

Вячеслав Дудоладов, “Қазақстан Халық банкі” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

-Біз қаржыландырған алғашқы клиент – Киров атындағы зауыт. Бүгінде жоба саны мен субсидиялау сомасы өсті. Бағдарлама шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған.

Қаржы лизингі несиесі бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау аясында 16 өзгерту мен толықтыру енгізілді. Бағдарламаның үшінші бағытында шектеулер қойылып отыр. Бұл – Кедендік одақ құрамындағы өзге ел кәсіпкерлерінің белсенділігін арттыруға жол ашпақ.Жиын барысында бизнесмендерді несиелендіру мүмкіндіктері де қаралды.

Қанат Сұлтанғазиев, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Құны 1,5 млрд теңгеден 4,5 млрд теңгеге дейінгі жобалар индустрияландыру картасына енгізіледі. Немесе жеке жоба ретінде өзге органдардың қарауында болады. Алайда бұл соңғы шешім емес, әлі де өзгертулер болуы мүмкін.  

Жаңашылдықтарда бизнесмендерді қолдау мен кәсіпкерлік әлеуетті арттыруға үлкен мән беріліп отыр. Аймақтарда табыскерлерді қолдау орталықтары ашылмақ. Өз ісін дөңгелеткендер арнайы білім алу мүмкіндігіне ие болады. Дөңгелек үстелге келген әр азаматтар өз сұрақтарына тұшымды жауап алды.

Айдана Демесінова